Украинада қазақтың киіз үйі орнатылды
Қазақстаннан Украинаға қайырымдылық мақсатында 6 күйіз үй жеткізілді.
Осылайша алты қазақ үйдің алғашқысы Киев өңіріндегі әйгілі Буча қаласында орнатылды. Ондағы мақсат жылу, жарық және байланыстан тарығып отырған жергілікті тұрғындардың мұқтаждығын өтеу. Киіз үйдің ішінде жылынып және ауқатыннып алуға жағдай жасалған.
Украинадағы қазақ кәсіпкерлерінің қаржылай қолдауымен құрылған Бучадағы қазақ үй бұдан былай – «жылулық орталығына» айналмақ. Өйткені дәл осы киіз үйде жергілікті тұрғындар, әсіресе баласын жетектеген аналар - бір сәт жылынып, ыстық тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Әрі ет жақындарымен ұялы телефон арқылы тегін байланысқа шығуына мүмкіндік бар. Киіз үйдің қызметі елдегі жағдайға байланысты жұмысын жалғастырмақ. Мәселен дәл осы Бучада жарық пен жылу сағаттап өшіріліп, блэкаут орын алған болса, бұл жылулық орталығы тәулік бойы қызмет етеді. Жағдай тұрақталса күніне алтыдан сегіз сағатқа дейін қазақ үйдегі еріктілер мұқтаж жандарға көмек бермек. Киіз үйдің Бучадағы салтанатты ашылуына байланысты бүгін Украинадағы қазақ қоғамы ұлттық тағам түрлерін әзірлеп, екі жүзден астам жергілікті тұрғынды құшақ жая қарсы алды.
Марат Дәрменов, Украинадағы қазақ қоғамының өкілі:
- Мінекей мынау біздің бірінші қазақ үйіміз сегіз қанатты ары қарай он алты қанатты үй Киевтің орталығында болады, барлық саны алтау, мынау біріншісі, бүгін ашылуы.
Өздеріңіз білесіздер жарық жоқ, жылу жоқ, егер адам тоңғандай болса, ұялы телефонын зарядтау керек болса, осында келе алады. Өйткені электр генераторымыз бар осында, күнде осында ыстық шайымыз, бауырсағымыз күнде болады.
Алмагүл Кенжебаева, Украинадағы қазақ қоғамының өкілі:
- Сосын қалған киіз үйлер осы Киевте құрылады, Харьков, Львов қаласында да құрылуы керек. Скл Енді бұл киіз үйдің тігіліп жатқан бір мақсаты - ең болмаса Украинаның бір жанұясы болса да бала шағасымен келіп жылынса да ол да бір көмек қой
Қазақ үйде бір ғана емес күніне жиырмаға жуық жанұя жылынып, қажет болса құрылғыларын қуаттап алуына жағдай жасалмақ. Ол үшін киіз үй арнайы генератормен жарақталды. «Қазақстаннан жеткізілген алты кйіз үй наурыз айының аяғына дейін қызмет етеді», - дейді ұйымдастырушылар. Жылулық орталығының іші кең, оюлы сандық пен жұмсақ жер төсенішпен жабдықталыпты. Ішіне көрпе-жастығы мен жылу беретін газ балоны қойылған.
Варвара Сиренко, Буча қаласының тұрғыны:
- Ұсынған астарыңыз өте дәмді болды, осындай қамқорлықты көріп бүгін көңілім босап тұр
Дмитрий Черный, Киев қаласының тұрғыны:
- Мен өзім Қазақстанда туып-өскен адаммын, бірақ соңғы 35 жылдан бері Киев қаласында тұрамын. Бүгін міне жерлестерімнің қамқорлығын көріп, марқайып тұрған жайым бар. Қиын кездегі жәрдем ешқашан ұмытылмайды.
Келесі қазақ үй Киев қаласында ашылмақ. Ұйымдастырушылар онда таңнан кешке дейін қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.