2023 жыл әлемдік экономика үшін қиын болады
Биыл әлемнің бірінші және екінші экономикасы АҚШ пен Қытайда және Европада даму қарқыны бәсеңдейді. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры осындай болжам жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Биыл, әлем экономикасы үшін 2022 жылдан да қиын болады, - дейді сарапшылар. Украина мен Ресей соғысы, пандемиядан соң есеңгіреген экономикаға үлкен кесірін тигізді. Оның үстіне ковид әлі де аяқталған жоқ. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева әлемдік экономиканың үштен бір бөлігі рецессияға ұшырайды дейді. Мәселен, 2022 жылы жаһандық өсім 3,2% болса, биыл 2,7%-ке төмендейді.
Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:
- 2023 жылы бірнеше үлкен экономикасы бар мемлекеттердің дамуы төмендейді. Бағаның күрт көтерілуі, тасымал тізбегінің бұзылуы, пайыздық мөлшерлемелердің өсуі және Украинадағы соғыс әлем экономикасына кері әсер етеді. Сондықтан жаһандық өсім 2,7%-тен де төмен болуы мүмкін.
Энергетика бағасының қымбаттауы негізгі тұтынушы елдердегі экономикалық белсенділікті бәсеңдетеді. Салдарынан Еуропалық Одақтың экономикасы 0,5%-тен де аспайды деп болжануда. Алпауыт АҚШ-та қиындықтан айналып өте алмайды. Федералдық резерв 9%-ке дейін өсіп кеткен инфляцияны тежеп, 2%-ке дейін түсіру үшін пайыздық мөлшерлемені көтере беруі мүмкін. Яғни, кредит қымбаттап, бизнестің дамуына кедергі келтіреді.
Cонымен қатар, соңғы 40 жылда алғаш рет Қытайдың 2022 жылғы дамуы жаһандық өсім деңгейінде, тіпті одан да төмен болуы мүмкін. Оған негізінен пандемия әсер еткен. Ал Ресей Украина қақтығысының созылуы Еуропалық Одақтың экономикасына да оңай тимей тұр.
Авторы: Нұрбек Бекен.