АҚШ-та дүлей дауылдан 16 адам көз жұмды
АҚШ президенті Джо Байден Калифорнияда төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Калифорния штатындағы бірнеше қаланың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Мұнда бірнеше күннен бері табиғаттың тосын мінезінен дүлей дауыл тұрып, су тасқыны елді мекендерді шайып кетті. Тілсіз жаудан 16 адам мерт болды.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Калифорния тілсіз жаудан ең көп зардап шегетін аймақ саналады. Жер сілкінісі, орман өрті, қатты дауыл жиі болады. Енді, міне, су тасқыны жұртты әбігерге салды. Санта-Барбара аймағында 1000-нан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Өзендер мен көлдер арнасынан асып, қаланы тасқын су басты. Монтесито шаһарының халқы да эвакуацияланды. 5 жасар баланы қызыл су ағызып әкеткен. Қазір іздестіру шаралар жүріп жатыр. Ресми мәлімет бойынша тілсіз жаудан 16 адам көз жұмды. Олар суға батып кеткен немесе авокөліктеріне тамырымен жұлынған үлкен ағаш құлап, басып қалған.
Арон Рид, Вентура округінің тұрғыны:
- Калифорния жағалауында тұратындар табиғи қауіптердің болатынан біледі. Цунами, өрт, көшкін жиі болады. Арзан аймақ, бірақ қауіпті.
Барри Паркер, Вентура округі өрт сөндіру бөлімінің басшысы:
- Бұл дауыл әлдеқайда ұзағырақ әрі анағұрлым қатты болды. Сондықтан су тасқыны да жойқын көрінді. Құтқару жұмыстары да бұрынғыдан көп.
Полиция қызметкерлері жұртты дала шықпауға үгіттеп жатыр. Кеше түнде қала шерифі әр үйдің есіген қағып, сақ болуға шақырған. Өйткені үздіксіз жауын-шашыннан Сан-Лоренсо өзенінің деңгейі 7 метрге көтерілген. Жаңа жылда ғана тасқын судан зардап шеккен Калифорния тұрғындарын тағы да тілсіз жау әбігерге салып қойды. Құтқарушылар су астында қалған тұрғын үйлердің маңында із-түссіз жоғалғандарды іздестіріп жатыр. Ендігі қауіп таулы аймақта лай көшкіні жүруі мүмкін. Дегенмен бұрын соңды жаумаған қалың қар, үздіксіз жауын соңғы жылдары құрғақшылықтан зардап шеккен Калифорния аймағына жақсы да болды, - дегенді айтады мамандар.
Авторы: Нұрбек Бекен.