Еуропада биылғы қыс әдеттегіден жылы болды

Испанияның солтүстігінде сынап бағанасы 25 градус, Варшавада 19, ал Францияның орталығында 18 градусқа дейін көтерілген.

Күннің жылы болуы кәрі құрлық елдеріне электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бірақ тұрғындар қарсыз қысқа аса мәз емес.

Былтырғы қыс Францияның тарихындағы ең жылы қыс болды. Синоптиктер биыл бұл рекорд жаңаратынына сенімді. Қазірдің өзінде Парижде сынап бағанасы + 9 градусқа дейін көтерілген. Бұл әдеттегі температурадан 3 градус жоғары. Шаһарда ағаштар бүршік жарып жатыр. Жылы қыстан респираторлық аурулар да күшейген. Климаттық өзгерістерден әсіресе туризм саласы қатты зардап шегіп отыр.

Альпі мен Пиреней тауларындағы курорттар қыстық демалыс маусымын қарсыз қарсы алды. 

Армон Кантиени, тауға көтеруші жолдың қожайыны:

- Биыл бізде шаңғы тебушілер 35-40%-ке аз. Қазір біздің тауға шығуға арналған жолдарымызды пайдаланушылар саны осыдан 5 жыл бұрынғы кезден 20%-ке азайып кетті.

Австрияда дәл шаңғы тебу маусымы кезінде ондаған станция жабылып қалды. Францияда таудағы шаңғы жолдарының 50% ғана жұмыс істеп тұр. Швейцария курорттарының жартысы жұмысын тоқтатқан. Қыстың жылы болуы 2 мың метрден төмен орналасқан барлық станцияларға әсер етті.

Софи Руше, жергілікті тұрғын:

- Таудағы курорттардағы қазіргі жағдай жаныңа батады. Мен бұл жерге кішкентай кезімнен келіп, шаңғы теуіп келемін. Демалыс орнының қызметкерлері жанын салып жатыр. Бірақ қардың аз түскенін көргенде көңіл құлазиды. Тіпті балаларды алып келіп осыны көрсетудің қажеті бар ма еді деп ойланып қаласың. 

Элисса Тейлор, жергілікті тұрғын:

- Климаттың өзгеруі шынымен үрейлендіреді. Мен тауда туризм саласында еңбек етіп күнін көріп жүрген жандар үшін алаңдаймын. Қар болмаса, туризм саласы тұралайды емес пе?

Биылғы жылы қыстың зардабы орасан болатын сыңайлы. Үш эпидемия мен қардың аз түсуі жазда қуаңшылық әкеледі деп болжанып отыр. Яғни бұдан туризм ғана емес, ауыл шаруашылығы да қатты зардап шегуі мүмкін. Британдық мамандар: "Биылғы жыл ғаламшардағы ең жылы жыл болуы ықтимал", - дейді.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Париж, Франция