Бішкекте сарышұнақ аяздың беті қайтар емес
Синоптиктер бүгін түнде ауа температурасы 24 градусқа дейін төмендейтінін ескертеді. Бұл – Қырғызстан астанасы үшін қиын жағдай. Билік далада жүрген тұрғындарға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үйде отырғандардың да жылусыз қалмауы үшін алдын ала қамданды. Бұл ретте жылу электр станциясының жүктемесі артқан. 2018 жылы нысанда апат болып, қаңтардың қақаған аязында тұрғындар бірнеше күн жылусыз отырған еді.
Бішкекте халық көп жиылатын орындарда, мәселен, ірі көшелердің қиылысында, кинотеатр мен сауда орталықтарының жанында, автовокзал мен базарда бас-аяғы 11 шатыр тігілген. Тоңған тұрғындар мұнда келіп жылына алады. Сонымен қоса, ыстық шай ішуіне де рұқсат. Шатыр ішінде тіпті дәрі-дәрмек те бар. Осылайша, үсіп қалған жағдайда тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетілу жағы ойластырылған.
Алтынбек Тухтаров, Төтенше жағдайлар министрлігінің Бішкек қаласы бойынша басқармасының өкілі:
- Күннің күрт суытуына байланысты Бішкек билігі тұрғындардың қауіпсіздігін қаматасыз ету үшін қажетті шараларды қолға алды. Аязда далада қалып қойғандар үшін қолжетімді орындар ұйымдастырылды. Біздің қызметкерлер тәулік бойы осында жүреді. Сондықтан кез келген уақытта көмек көрсете алады.
Бішкектегі жылу электр станциясы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп тұр. Алайда ондағы жабдықтың тозығы жеткен. Бұған тек қалалық қана емес, республикалық билік те алаңдаулы. Олар 5 жыл бұрынғы жағдайдың қайталануынан қорқады. Ол кезде нысанда апат болып, қаңтардың қақаған аязында Бішкек тұрғындары 4 күнге жылусыз қалған еді.
Расул Умбеталиев, Энергетика саласындағы сарапшы:
- Энергетикалық жүйе кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Өйткені суықта электр энергиясын тұтыну көлемі артады. Сол себепті мұндай кезде ірі станциялар мен трансформаторларда апат қаупі арта түседі.
Бішкек тарихында қаңтардағы ең суық күн 1969 жылы тіркелген. Ол кезде температура минус 29 градусқа дейін төмендеген еді. Бүгін күндіз Бішкекте ауа температурасы минус 16 градусты көрсетті. Ал түнде ол минус 24-ке дейін төмендейді, - дейді синоптиктер.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бақыт Чермашев.