БҰҰ: Әлемде 30 млн бала аштық азабын тартуда
Пәкістанда ұн тапшы. Соның кесірінен тұрғындар дүрлігіп, бір қап ұн үшін бір-бірін жаншып жатыр.
Африкадағы жағдай да мәз емес. Миллиондаған бала ашқұрсақ жүр. Осыған байланысты Біріккен ұлттар ұйымы дабыл қағып жатыр.
Пәкістанда халық ұнға таласып жатыр
Пәкістанда тұрғындар арасында дүрбелең туды. Халық ұнға таласып жатыр. Тіпті бір-бірімен жаға жыртысуға көшкен. Өйткені сауда сөрелерінде аталған өнім қазір жоқтың қасы. Ал бұл сәтті пайдаланған әккі саудагерлер бағаны одан сайын көтеріп, пайда тауып қалудың қамына кіріскен. Қазір ұнның бір келісі Пәкістанда мың теңгеден сатылып жатыр. Биліктегілер бағаның аяқ астынан шарықтап кетуін елдегі астық тапшылығымен байланыстырып отыр. Мәселенің алдын алу үшін жергілікті үкімет мыңдаған тонна бидай импорттамақ. Ол үшін бірнеше мемлекетпен келісім жасалған.
Еуроодақ Африкаға €25,5 млн бөледі
Азық-түлік дағдарысы қазір Африкада да өзекті мәселе болып тұр. Осыған байланысты Еуроодақ елдері қара құрлықтың бірқатар мемлекетіне 25,5 миллион еуро көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл қаржы халық¬тың әл-ауқатын көтеру, азық-түлік дағдарысымен күресу сынды маңызды міндеттерге жұмсалмақ. Жоспар бойынша аталған соманың жартысына жуығы аштық алдында тұрған Суданға беріледі. Ал Алжир, Камерун мен Чад елдері 2 миллион еуродан алады.
БҰҰ: Әлемде 30 млн бала аштық азабын тартуда
Бүгінде әлем бойынша 30 миллион бала аштық азабын тартып келеді. Біріккен ұлттар ұйымы жуырда осындай зұлмат статистикамен бөлісті. Қазіргі уақытта 8 миллион баланың жағдайы өте мүшкіл. Осыған байланысты ұйым өкілдері әлемдік қауымдастықтан жәрдем сұрап, қаржыландыруды арттыруға шақырып отыр. Себебі шұғыл түрде қол ұшын созбаса Африка елдері, Ауғанстан мен Гаитиде ашаршылық одан бетер өрши түседі қауіп бар.
Украинадан 17 млн тонна астық экспортталды
Украина кемежайларынан тағы 160 мың тонна астық шығарылды. Ол Азия, Еуропа мен Африка елдеріне жеткізіледі. Қазір ондаған кеме тексеруден өту үшін Босфор бұғазында тұр. Шілденің аяғында бекітілген астық келісімі аясында Украинадан 17 миллион тонна өнім экспортталды. Қазір әлемдік қауымдастық үшін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте маңызды. Осы ретте Ресей мен Украина омбудсмендері жуырда Анкарада кезекті рет кездесу өткізді. Жабық форматта өткен басқосуда тараптар гуманитарлық мәселелерді талқылады.