Қытымыр қыс Ташкентті де қыспаққа алды
Бұл жолы қалың қардың соңы үскірік аязға ұласты. Оңтүстік көршімізде ауа райы бұған дейін бұлай құбылмаған.
Мұның салдары шаруалардың ерте пісетін кей дақылдарына кері әсер етуі мүмкін.
Өзбекстанда бұрын-соңды мұндай құбылмалы қыс болмаған. Қазіргі күн райы Арқа жақтыкіне ұқсайды. Тек боран мен дауыл жоқ демесеңіз, сарышұнақ аяз үсіріп, тоңдырып барады. Ташкентке іргелес жатқан Қазақстанның елдімекендерінде де осыған ұқсас ахуал. Шымкент пен Өзбекстан астанасының арасы 100 шақырым болғанымен, оны қиындықсыз еңсеру мүмкін емес. Жол бойындағы такси қызметінің бағасы шарықтаған. Ташкентте энергетикалық орталықтар үйлерге жылуды көбірек беруге мәжбүр. Егінге де қауіп бар. Ерте пісетін дақылдарға ерекше күтім жасалмаса, талмаусырап қалуы мүмкін. Сондықтан жылыжай иелері жаппай қам жасап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайға араласып, арнайы нұсқаулық таратты.
Қамбар Әмреев, жылыжай қызметкері:
- 0-ден төмен түсіп кетсе бұл құлпынайдың гүлі солады. Көшеттің өзін суық ұрмайды. Бүгін түнде 31 градус аяз болды. Одан өттік. Шұбаркөл көмірімен жылытып жатырмыз. Газ населениеге жетпегесін өшіріп қойған. Ресейге біршама бөлігін Қазақстанға экспорт қыламыз.
Ташкентте алғашқы жылыжай өнімін алып жатқандар да бар. Түн мезгілінде аяз күшейеді. Бір сәт жылу беру азайса, еңбек еш кетті дей беріңіз. Елдің аграрлық мекемелері егінді ғана емес, мал басын аман сақтау жолдарын үйретуде. Қысқасы, қыстың ең суық күндерін өткеру маңызды міндет болып тұр. Көшедегі көктайғақтың алдын алуды ел Президенті ерекше бақылауға алды. Дегенмен коммуналдық мекемелер жүктеменің ауыр екенін алға тартып отыр. Бұған дейін мұнша көлемде қаладан қар шығарылмаған.
Алексей Хэн, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары:
- Қалада жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде 31 сантиметрге дейін жетеді. Шаһар ішінде 1 млн 900 мың тонна ақ ұлпа жатыр. Оны толыққанды тазарту бірнеше күндік шаруа. 300 техника және 9 мың адам осы іске жұмылдырылған.
Қардың мол түсуі тұщы суы тапшы Орталық Азияға оң ықпал етуі де ғажап емес. Мұны мамандар бір жағынан жақсылыққа жорып отыр. «Көктемге қарай ақ ұлпа еріп, өзен-көлдеріміз толуы мүмкін», - дейді олар.