Конгрестің Өкілдер палатасы Джо Байденді тергеуге тартпақшы
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы ел президенті Джо Байденді тергеуге тартпақшы.
Оған Байденнің жеке үйі мен кеңсесінен құпия құжаттардың табылуы себеп болып отыр. Ақ үй басшысы жауапқа тартыла ма?
Құпия құжаттар өткен аптада Джо Байденнің жеке үйінің гаражынан шықса, екіншісі Пенсильвания университетіндегі «Байден» талдау орталығын қараша айында табылған. Аса құпия мөрі бар құжаттарды Байден вице-президент кезінде пайдаланған, бірақ талап бойынша кейін мұрағатқа өткізбеген. Оның үстіне өткен жылы қараша табылған құжаттар туралы қоғам енді ғана біліп отыр.
Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:
- Олар мұны сайлауға дейін білген, бірақ жасырып қалған. Сол кезде Байден өзі қателік жібергенімен қоймай Трампты сынға алды. Олардың Президент Трамптың үйінен тәркіленген құжаттардың суреттерін жария қылғанын көрдіңіздер. Ал Президент Байден ұстаған құжаттарының фотосуреттері қайда? Заң ортақ емес пе? Не себепті олар саяси сенімдеріне сай әрекет етеді. Бұл Америка халқының үкіметке деген сенімсіздігін тудырады.
Жаңа жылдан Конгрестің Өкілдер палатасын бақылауына алған республикалық партия комитет деңгейінде президентті тергеуге талпынып отыр. Бас прокуратура да бұл істің мән-жайын анықтауға кірісіп кетті. Демократтар Трампты қудалаған соң республикашылдар президентке кек қайтарып жатыр деген әңгіме болмас үшін Байденнің ісіне тәуелсіз тергеу жүргізетін, екі партияға да қатысы жоқ арнайы прокурор тағайындалды. Ал АҚШ перезиденті кеңсеcінде құпия құжаттардың сақталғанын білмедім деп ақталды.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Заңгерлер Пенсильвания университетіндегі кеңсемді тазалаған кезде құлыпталған шкафтың ішінен кейбір құжаттарды тауып алыпты. Олар бірден мұрағатқа хабарласып, барлығын өткізді. Мен шынымды айтсам сол кеңседе қандай да бір мемлекеттік жазбалардың бар екенін естігенде таң қалдым.
Осылайша АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамп және қазіргі басшысы Байден прокурордың тергеуіне тартылмақ. Бірақ олардың жауапкершілік дәрежесі бірдей емес, деп сарапшылар қазіргі президентті әлден ақтап жатқандай. Өйткені Джо Байденнің заңгерлері құпия құжаттарды өздері тауып алып, бірде мұрағатқа өткізді. Ал Трамп қанша сұрау салса да Ақ үйден алып кеткен құжаттарды бермей қойған еді. Сондықтан тамыз айында ФБР оның үйіне тінту жүргізіп, 100-ге жуық құпия құжатты тәркілеген. Екеуі де 2024 жылы өтетін президент сайлауы алдында осындай кедергіге тап болып отыр.
Нұрбек Бекен