Давос-2023: Форумның алғашқы күні
Швейцарияның Давосында Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр.
Жұмаға дейін жалғасатын жиынға 2700 қатысушы келген. Арасында президенттер, ұйым басшылары мен ірі бизнес өкілдері бар. Бәрі қазіргі қиын жағдайдағы ынтымақтастық жайын талқылауға келген.
Осы жылы бұл форумға ең көп қатысушы келеді деп күтілген еді. Сол болжам дәл шықты. Бірақ биыл олардың арасында Ресей жоқ. Алғашқы күннен есте қалған тағы бір сәт – наразылықпен байланысты.
Бүгін Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум басталды. Бірақ айтулы шара шымылдығын түрмей жатып, жергілікті шерушілер шу шығарды.
Бір топ экоактивист қоршаған ортаны қорғау үшін жиынға келген басшылардан шұғыл шара қабылдауды талап етті. Олардың айтуынша, мұнай саласының алпауыттары бұл мәселеде тек өздерінің мүддесін ғана алға тартумен айналысып келеді.
Біз Дүниежүзілік экономикалық форум алдында қандай мәселелер тұрғанын көрсету үшін келдік. Шара ұйымдастырушылары Давосқа қоршаған ортаға қажетті деңгейде көңіл бөлмей жүрген көптеген компанияны шақырған. Біз бұған қарсымыз. Мұндай форумнан оң нәтиже шығатынына сенбейміз.
Форум қарсаңында Оксфам бірлестігі қызық бір баяндама жариялады. Онда жазылған мәлімет бойынша кейінгі 25 жылда жер жүзінде әлеуемттік теңсіздіктің ара жігі артып барады. Яғни аса ауқатты адамдар мен кедейлердың қатары көбейді. Азық-түлік пен энергия көздерінің қымбаттауынан ірі корпорациялар да қомақты пайдаға кенелген. Тек былтырдың өзінде энергетика және азық-түлік саласында қызмет көрсететін компаниялардың 95% табысын 2 есе ұлғайтқан. Осы тұста жер бетіндегі әрбір оныншы тұрғын тойып тамақ ішпейтін көрінеді. Оның 60% әйелдер екен. Мұндай теңсіздік Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері болмаған, дейді баяндама авторлары. Осыған байланысты мамандар дәулетті адамдарға салынатын салық мөлшерін 75% өсіру керегін айтады.
Биылғы форумның басты тақырыбы – ыдыраған әлемді ынтымаққа шақыру. Соның шеңберінде шараға қатысушылар азық-түлік пен энергетикалық дағдарыс, инфляциямен күрес, әлеуметтік мәселелердің алдын алу және қазіргі геосаяси тәуекелдерге қарсы тұру тақырыптарын талқылайды. Форум ұйымдастырушыларының айтуынша, биыл 53-ші рет өтіп жатқан басқосу соңғы онжылдықтардағы ең қиын геосаяси әрі геоэкономикалық жағдайда өткелі тұр.
Бёрге Бренде, Дүниежүзілік экономикалық форум президенті:
- Түрлі соғыс пен қақтығыстар бойынша шешімін табуға тиіс мәселе өте көп. Сонымен қатар, рецессияны болдырмаудың амалын іздеуіміз керек.
Форум қиын кезеңде өтіп жатқанымен, қатысушылар саны бойынша биыл рекорд орнатып отыр. Шараға 52 мемлекет пен үкімет басшысы қатысады. Оның ішінде Оңтүстік Корея, Колумбия мен Филиппин президенттері аталған басқосуға алғаш рет қатысқалы тұр. Сонымен қатар Давосқа 56 қаржы министрі, БҰҰ, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік сауда ұйымы басшылары мен бизнес өкілдері келеді. Биыл форумда Ресейлік делегация болмайды. Украина тарапының келетіні хабарланды. Алайда нақты кімнің Давосқа баратыны қауіпсіздік мақсатында жария етілмеді.
Айта кетейін, меймандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалаға 5 мыңға жуық сарбаз тартылған.
Жалпы, бүгін басталған Дүниежүзілік экономикалық форум сенбіге дейін жалғасады. Ауқымды шара араға үш жыл салып, қайтадан дәстүрлі форматта өтіп жатыр. 2021-ші жылы ол онлайн форматта ұйымдастырылса, былтыр індетке байланысты қыста емес, көктемде ашылды. Қолда бар мәлімет бойынша, биылғы жиын барысында бірнеше бағытта жүзден аса сессия өтеді деп күтілуде. Олар қаржы мен энергетикадан бастап, қауіпсіздік пен экологияға дейінгі мәселелерді қамтиды.