Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум өтуде
Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр. Басты тақырып – ыдыраған әлемді ынтымаққа шақыру.
Соның шеңберінде шараға қатысушылар азық-түлік пен энергетикалық дағдарыс, инфляциямен күрес, әлеуметтік мәселелердің алдын алу және қазіргі геосаяси тәуекелдерге қарсы тұру тақырыптарын талқылайды.
Айта кетейін, ауқымды шара соңғы бірнеше жылда алғаш рет дәстүрлі форматта өтіп жатыр. 2021-ші жылы ол онлайн форматта ұйымдастырылса, былтыр індетке байланысты қыста емес, көктемде ашылған еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 53-ші рет өтіп жатқан басқосу биыл қатысушылар саны бойынша рекорд орнатқан. Форумға 2700 адам келген. Олардың арасында 52 мемлекет пен Үкімет басшысы, 56 Қаржы министрі, БҰҰ, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік сауда ұйымы басшылары және бизнес өкілдері бар.