Украинадағы соғыс қимылдары салдарынан 500 мыңға жуық жеңіл автокөлік жойылды
Қарулы қақтығысқа қарамастан 2022 жылы украиналықтар 40 мыңға жуық жаңа тұлпар сатып алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63%-ке кем, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дей тұрғанмен бұл елде көлік нарығы тұралап қалған жоқ, шет мемлекеттерден ескі және жаңа көліктер жаппай әкелінуде.
Украинаның “Антикоррупциялық штаб” қоғамдық ұйымы қарулы қақтығыс салдарынан 1 жыл бойы қираған нысандардың саны 160 мыңға жеткенін мәлімдеді. Ал Автокөлік нарығын зерттеу институты 1 жыл бойы көзі жойылған көліктердің саны жарты млн-ға жуықтағанын жариялайды. Жаңа көлікті сатып алуға мүмкіндік жоқ. Салдарынан сатылым 2022 жылы бірден 20%-ға құлдыраған. Жаңасына шамасы жетпегенмен, украиналықтар көліктердің уақытша кедендік төлемдерден босатылғанын пайдаланып, 20 мыңға жуық қолданылған темір тұлпарды кедендік салықсыз елге кіргізіп алған.
Вадим Новаковский, автокөлік аукционының директоры:
- Соғыс басталғанда көлік сатылымы мүлдем тоқтаған еді. Алайда билік сәуір мен маусым аралығында украиналықтарды уақытша кедендік төлемдерден босатты. Бұл фактор автонарығының қайта жандануына әкелді. Мысалы, Польшадағы транспорт алаңынан барлық көлік бір мезетте сатылып алынды.
1 жылға жуықтап қалған қарулы қақтығыстарға қарамастан 404 мың жеңіл көлік ел аумағына өткен. Бұл туралы автокөлік нарығын зерттеу институты мәлімдеді. Алыстағы Америкадан тасымал реттелді. Отыз процентке дейін құлдыраған гривна мен жанармайдың екі есе қымбаттағанына қарамастан сатылым қайта жолға қойылды. Әрине, кедендік төлем қайта енгізілгеннен кейін көлікті сатып алу 8 есеге төмендеді.
Станислав Бучацкий, Автокөлік нарығын зерттеу институты басқармасының төрағасы:
- Соғыс кезінде көліктің маңыздылығы артпаса кеміген жоқ. Украиналықтар көлікті жаппай сатып алып, қауіпсіз жерге жету үшін пайдаланды. Теңіз порттары жабылып, көліктерді Америкадан жеткізу уақытша тоқтап қалды. Бірақ жағдай жақсарып, жаңа логистикалық бағыттар пайда болды. Нәтижесінде Америка көліктері Украина нарығына қайта оралды.
Украинаның Жоғарғы Радасы соғыс кезінде бүлінген немесе қираған тұрғын үйлер мен автокөліктерге берілген несиені есептен шығару туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат бойынша несиеге алынған көлік ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақта екенін құжат бойынша дәлелдей алсаңыз, банк қарызды тоқтата тұруы тиіс. Бұл жағдайда қаржы ұйымы жойылған мүліктің өтемақысын мемлекеттен алуға құқылы, оның мөлшері қираған көліктің негізгі сомасынан аспауы керек.
Авторы: Аида Қыдырбай.