Вашингтонда түсікке қарсы шеру өтті
«Өмір үшін шеру». Вашингтонда мыңдаған халық түсік жасатуға тыйым салуды қолдап, қала көшелерімен жүріп өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Белсенділер «Шарананың өмірін сақтайық», «Өмірді сүй, өмірді таңда», деп ұрандатты. Олар жыл сайын құрсақтағы бәйкүнә жандардың өмірі қиылып жатқанына наразы.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Жасанды түсікті қолдамайтын мыңдаған белсенді Вашингтон көшелерінде жалпыұлттық шеру өткізіп жатыр. Олар жыл сайын миллиондаған шаранының өмірі қиылып жатқанына наразы. Жалпы түсік мәселесі 50 жылдан бері Америка қоғамын екіге жарып тұр.
Бұл шара жыл сайын өтеді. Бірақ бұған дейін жасанды түсікке құқық беретін заңға қарсы жиналатын. Былтыр АҚШ Жоғары Соты 1973 жылдан бері әйелдерге түсік жасатуға рұқсат беретін Заңның күшін жойды. Енді әр штат аборт мәселесін өздері шешуі керек. Алайда қазірдің өзінде республикашылар басқаратын 13 штатта түсікке тыйым салынған. Аборт жасайтын емханалар жабылды. Өйткені қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан бүгінгі шеруге шыққандар 50 жылдай күткен жеңістеріне қуанды.
Джулиан Мальколм, белсенді:
- Мен 1973 жылы тудым. Дәл сол жылы түсік жасатуға рұқсат берілді. Демек менің қаншама замандасыма бұл заң кері әсер етті. Сондықтан жыл сайын мен осы шеруге келіп қолдап тұрамын. Жасанды түсік жасатуға тыйым салғанына, өзгерістер болып жатқанына қуаныштымын.
Бірақ демократтар басқаратын штаттарда түсік жасату құқы сақталған. Сондықтан баласын қаламаған әйелдер рұқсат етілген штаттарға барып түсік тастауы мүмкін. Абортты қолдайтындар қаншама тұрмысы нашар келіншектердің құқы тапталып жатқанын алға тартады. Сарапшылар бойға біткен баласын қаламайтындардың 75%-інің жағдайы жоқ дегенді айтады. Ал қарсы тараптың өз аргументі бар.
Сара Шоен, белсенді:
- Жыл сайын қаншама баланы үкімет құрсақта өлтіріп жатыр. Сол саясатты қолдайды. 5 баласы бар ана ретінде өмірдің қаншалықты керемет екенін айтқым келеді.
Джессика:
- Біз өмірді қолдаймыз. Түсікке тыйым салынып жатқаны жақсы болды.
Әлем бойынша 24 мемлекетте жасанды түсік жасатуға болмайды. Америкалық репродуктивті құқықтар орталығының мәліметі бойынша бұл тыйым осы елдерде тұратын 90 млн әйелдің құқығына әсер етеді.
Авторы: Нұрбек Бекен.