Кейінгі күндері әлемнің бірқатар елінде жарықтың сөнуі жиілеп кетті

Бұл жағдай жергілікті тұрғындарды қынжылтып, қиындық тудырып отыр. Бірі қараңғылық құшағында қалса, енді бірінде тауар жеткізу ісінде іркіліс пайда болған.

Елде жарық жоқ

Бүгін Пәкістан халқы күтпеген қиындыққа тап болды. Елде жарық жоқ. Халық өркениеттен ада қалғанын айтып, зар илеп отыр. Энергетика министрлігі таратқан ақпар бойынша апат түнгі уақытта өшірулі тұратын генераторларды таңертең іске қосу кезінде болған. Яғни, ұлттық электр желісінде кернеу кенеттен көтеріліп, бүкіл ел бойынша жарық сөніп қалыпты. Қазір аймақта апаттың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жергілікті бұқараның жаппай қуат көзінен ажыратылуы бірінші рет емес. Былтыр қазанда Пәкістанның Белуджистан, Пенджаб пен Синд провинцияларында желілерден ақау шығып, жарық сөнген болатын. 

110 мың адам жарықсыз қалды

Бүгін Ресейдің Приморье өлкесінде де 110 мың адам жарықсыз отыр. 20 градустық аязда 380 тұрғын үй кешені, 120 әлеуметтік нысан мен 3 мың жер үй электр қуатынсыз қалды. Осыған байланысты қазір жергілікті прокуратура тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, бұған коммуналдық желілердегі апат себеп.

Айта кетейік, бірер күн бұрын синоптиктер аязға байланысты аталған аймақта дауылды ескерту жариялаған болатын. 

Жарық жиі сөнеді

Жарықтың сөнуі – Оңтүстік Африка тұрғындары үшін де жанға батқан мәселе. Жарқырап тұрған жарықтың әп-сәтте жалп етіп өше қалуы көптің өкпе-назын тудырып отыр. Әсіресе шаруалардың. Өйткені электр энергиясының жоқтығынан құс қырыла бастаған. Жуырда жергілікті фабрикалардың бірінде 50 мың балапан өліп қалыпты. Жарықтың жетіспеушілігінен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау ісінде де іркіліс туған. Осыған байланысты KFC желісі жуырда елдегі бірнеше мекемесін жабатынын жариялады. Негізі жарықтың жиі сөнуі бұл елде былтырдан бері жалғасып келеді. Себебі елдегі электр желілері әбден тозған. Соған қарамастан ұлттық энергетикалық компания жарықтың өшірілу жуырда сирейтінін айтады.

Электр энергетикасындағы іркіліс

Өз кезегінде Украинаның энергохолдингі Киевте жарықтың ара-тұра сөніп тұратынын жариялады. Бұл – энергия нысандарының зақымдануымен байланысты қабылданған шешім. Жуырда украиналық 2 жылу электр станциясына шабуыл жасалып, олар айтарлықтай зардап шеккен еді. Біреуі тіпті жұмысын тоқтатты. Бүгінде Киев қаласынан бөлек, Харьков, Львов, Винница мен Киев облыстарындағы энергетикалық нысандар істен шыққан.