Испанияда қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды
Испанияның солтүстік-батыс бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты қауіптің қызыл деңгейі жарияланды.
Жақын күндері қатты жел соғып, қар аралас жауын шашын болуы мүмкін. Сондықтиан әуе, теміржол, метро және қоғамдық көлік қызметі шектелуі мүмкін. Суық түскелі халықаралық «Қызыл крест» ұйымы далада қалған үйсіз жандарды қоғамдық лагерлерге орналастыра бастады.
Қырық жыл болмаған аптап ыстықпен жаз бойы арпалысқан Испания енді міне қақаған қыстың құрсауында қалғандай. Әсіресе таулы аймақта боран қатты. Түнде текмпература онға дейін түсіп, үскірік аяз жүріп өткен. Қыс басталғалы үсік шалып қайтыс болғандар көбейген. Ибица мен Форментера аралығында желдің жылдамдығы сағатына 70 шақырымға жеткен.
Тау жақтың жолы тайғақ, көліктер арнайы темір тағуы тиіс. Онсыз полиция өткізбей тұр
Испанияның солтүстік-батыс бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты қауіптің ең жоғарғы қызыл деңгейі жарияланды. Мемлекеттік метеорология агенттігі суық әлі сақталады деп болжайды. Қазіргі уақытта халықаралық «Қызыл крест» ұйымы аязда қалған үйі жоқ жандарға жәрдем беріп жатыр. Оларды арнайы лагерге шақырып, ыстық ауқат пен жылы киімдер үлестіреді.
Клаудия Прунера, ерікті:
- Біз бүгін 300-ге жуық адамға жылы орын ұсындық. Далада қатты аяз, үйі жоқ адамдарды мұндай қиын жағдайда жалғыз қалдырмауымыз керек.
2021 жылдың қаңтарында Испанияны елу жылда болмаған ең үлкен дауыл жайпап еді. Қалың қар тоқтамай жауған. Мадрид қаласындағы әуежайдың, темір жол және метро мен автобус қатынасы қиындаған. Осыны ескерген билік коммуналдық қызметкерлерді көбейтіп, қар күрейтін жаңа техникаларды жұмысқа тартып жатыр.