ЕО заңсыз миграцияға қарсы шараларды күшейтеді
Еуроодақ заңсыз мигранттар көп келетін елдерге виза беру тәртібін қиындатпақ.
Ұйымның миграцияға жауапты министрлері бүгін Стокгольмде бас қосып осы мәселелерді талқылады. Сондай-ақ келімсектерді отынаны қайтару жолдарын қарастырды. Осыдан үш жыл бұрын Еуроодақ билігі өз азаматтарын қайтаруға құлшынысы жоқ мемлекеттерге виза беруді шектеуге келіскен болатын. Алайда осы мезгілге дейін бұл шара тек Гамбияға қарсы қабылданды. Еуропалық комиссия Ирак, Сенегал және Бангладешке де осындай шектеу қоюды ұсынып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, Еуроодақта тұруға рұқсат жоқ келімсектердің тек 21 проценті ғана өз отанына қайтарылды.
Илва Йоханссон, Еуропалық Одақтың ішкі істер комиссары:
- Заңсыз келетін мигранттар саны күрт артты. Өткен жылы 300 мыңдай адам осылай шекара асқан. Олардың көбісіне халықаралық қорғау қажет емес. Сондықтан Одақтың қазіргі төрағасы - Швецияның заңсыз келімсектерді туған еліне кері қайтару мәселесіне көңіл бөлгенін құптаймын. Біз осы бағытта жұмысты күшейтеміз.