Алимент төлемеген жазаға тартылады
Алимент төлемеу әлемге ортақ мәселеге айналды. Берешегін бермей, жалтарып жүргендерге қатысты қолданылатын жазаның сан түрі бар.
Мәселен, Еуропаның біраз елінде борышкерлер түрмеге қамалады. Түркия мен Оңтүстік Корея да осы тәсілді көп қолданады. Оңтүстік Кореяда алименттен жалтарғандар жазасыз қалмайды. Баласынан безіп, бір жыл бойы алимент төлемегендерге 8 мың доллар айыппұл салынады. Бұдан бөлек, көлік жүргізу құқығынан айырылады. Шекара асуына да тыйым салынады. Тіпті бір жылға дейін түрмеге жабылады. Жуырда Кореяның Гендерлік теңдік және отбасы министрлігі өз сайтында алимент төлеуден жалтарып жүрген 49 адамның жеке мәліметін жариялады. Көкек ата-аналар өз балалары алдындағы қарызын өтемейінше, бұл дерек өшірілмейді. Тек борышкерлер қайтыс болғанда немесе қарызын өтеген жағдайда ғана жойылады.
Түркияда да безбүрек ата-аналарға қатысты жаза қатаң. 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алиментті толық төлеуі қажет. Негізі Анадолы елінде алименттің 4 түрі бар. Біріншісі кедейлікке қатысты. Яғни алимент қаржылық жағдайы нашар тарапқа төленеді. Екіншісі, серіктестік қолдау алименті. Ол 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалады. Келесі санат - сақтық алименті. Дәлірек айтқанда, сот үкімі шыққанға дейінгі алимент және жәрдем алименті. Ал соңғысы бірінші дәрежедегі туысқанға жүктеледі.
Кенжетай Алып, адвокат:
- Егер алиментті 3 ай төлемесе ата-ана үш айға бас бостандығынан айрылады. Жағдай қайталанса, тағы да 90 күнге қамауға алынады. Бұған дейін жауапсыз азаматтар жазасын жабық түрмелерде өтейтін. Қазір олар ашық түрмеде қамалады. Ешкім ешбір себепсіз баласын қамқорлықсыз қалдыра алмайды. Ол бала кәмелет жасына жеткенше қарайласуға тиіс.
Бельгияда бұл жағы біршама жеңіл. Безбүйрек ата-ана жүргізуші куәлігінен айырылады. 50/50 жүйесі арқылы алимент төлеуден түбегейлі құтылуға да болады. Ол үшін апта сайын бала кезек-кезек әкесімен де, анасымен де бірдей уақыт өткізуі қажет.
Ал Францияда ата-ана міндеттерін орындауға немқұрайлы қараған азаматтар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен бірге 15 мың еуро көлемінде айыппұл арқалайды. Заңға сәйкес, алимент төлеуші адам тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, дер кезінде тиісті органдарға хабарлауы қажет. Ұмытқан жағдайда 6 айға дейін темір торға тоғытылып, 7,5 мың еуро айыппұл төлеуі керек. Бүгінде Францияда алиментке арналған бірыңғай платформа бар. Соның көмегімен арнайы агенттік берешектерді жинап, алимент алушыларға жолдайды. Егер кімде-кім төлем жасамаған болса, мемлекеттік орган бірден шара қабылдайды. Десе де заңның қатаң болғанына қарамастан, Францияда алименттің 30-40 пайызы уақытылы төленбейді.