Ұлыбританияда «еліткіш газға» тыйым салынуы мүмкін
Үкімет қазір осы мәселені қарастырып жатыр.
Бұл тақырып бұған дейін де көтерілген. Алайда осы күнге дейін шешімін таппай келді. Жастар азот тотығын әдетте көңіл көтеру үшін сатып алып жатады. Бірақ мамандар көбі оның кері әсерін жете бағаламайтынын айтып, дабыл қағып отыр. Биліктің алаңдауы бекер емес. 2001-2016 жылдар аралығында Ұлыбританияда "еліткіш газды" қолданған 36 адам көз жұмған. Оның қаупі туралы мәселе талай мәрте көтерілген. Алайда азот тотығы есірткі деп танылған жоқ. Тиісінше қолдануға тыйым салынбады. Заң бойынша оны медицина мен тамақ өнеркәсібінде пайдалануға рұқсат етілген. Сондықтан бұл зат қолжетімді. Әрі бағасы да арзан. Сауалнамаға сәйкес әрбір оныншы жас британдық "еліткіш газды" қолданғанын мойындаған.
Аластер Нойс, невролог:
- Одан адамның аяқ-қолы ұйып қалуы мүмкін. Жүріп тұруына кедергі келтіруі де ықтимал. Ішек пен қуық сырқаттарына шалдығуы да ғажап емес.
Ал өзге мамандар билік алдымен "еліткіш газдан" да маңызды мәселелерді шешіп алсын дегенді алға тартады.
Дэвид Бэдкок, Есірткіге қатысты консультативтік комитет өкілі:
- Биліктің басқа проблемасы жоқ па? Алкоголь, есірткі. Олардан келетін зиян әлдеқайда зор. Жыл сайын қаншама адам осы заттарды пайдаланып, өліп кетіп жатыр.
Жақында АҚШ-тың құзырлы органдары да осы "еліткіш газға" қатысты ескерту жасады. Мамандар азот тотығын дұрыс пайдаланбаса адамның қан қысымы көтеріліп, қаназдыққа шалдығады дейді. Тіпті жүрек ұстамасына әкеп соғуы мүмкін. Ал Еуропадағы есірткіні бақылау орталығының дерегіне сүйенсек, "еліткіш газды" қолдануға байланысты улану дерегі жиілеп кеткен. Атап айтсақ, кейінгі жылдары Данияда уланғандардың саны 5 есе, ал Францияда 10 есеге артқан. Ал Нидерландта биылдан бастап оны пайдалануға мүлде тыйым салынды.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Вероника Боярова