Грузияда аптасына 40 сағаттық жұмыс кестесі енгізілді

Жұмыс уақытына қатысты бұрын-соңды болмаған өзгерістер.

Грузияда қызметкерлер енді аптасына 48 емес, 40 сағат жұмыс істейді. Бұл жаңашылдық жұмыс берушілер тарапынан бірден сынға ұшырады. Әсіресе бизнес саласының өкілдері "қызметтік сағаттың қысқаруынан жұмыс шала істелуі мүмкін" деп наразы болып отыр.

Тамақтану орталықтары, құрылыс және сауда саласының қызметкерлері енді заң бойынша аптасына 48 емес, 40 сағат еңбек етуге құқылы. Грузия Үкіметі тиісті қаулыны желтоқсан айында бекітті. Алайда, қызметкерлер қуанғанымен, кәсіпкерлер мәз емес. Олардың пікірінше, бұл қызмет сапасына кері әсер етеді. Әсіресе жазғы және қысқы курорттар арасында жылына 2 рет болатын маусымдық кезеңде жұмысшылардың сағаты қысқарса, ел туризмі зардап шегуі мүмкін екен. 

Шалва Алавердашвили, Грузиядағы қонақүйлер мен мейрамханалар федерациясының басшысы:

- 40 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Бұл дұрыс емес. 60-70 жылдары Еуропа елдері бұл тәжірибені іс жүзінде енгізіп көріп, оның қате екеніне көз жеткізген. Сөйтіп, тіпті, оң шешімін де тауып қойған. Біз де сағаттық төлем режиміндегі жұмысқа көшуге тиіспіз.

Бизнес өкілдері Үкіметпен кездесу өткізіп, жұмыс уақытына байланысты өз ұсыныстарын айтуға ниетті. Алайда кезінде заңнамадағы бұл өзгерістерді енгізуге қос қолдап қолдау танытқан елдегі кәсіподақ мүшелері өз шешіміне берік. Олардың айтуынша, 40 сағаттық еңбек аптасы медицина нормаларына сәйкес және пандемиядан кейінгі халыққа қолайлы. 

Ираклий Петриашвили, Грузия біріккен кәсіподақтарының төрағасы:

- Бұл норма медициналық қорытындылармен расталды. 8 сағаттық жұмыс күнінен кейін қызметкерге жүктелген міндеттерді ұтымды атқаруы үшін демалыс беріліп отыруы тиіс. Біздің елде 2 норма бар: 40 және 48 сағаттық жұмыс аптасы. Кәсіподақтар барлық салада жұмыс аптасы 40 сағаттық болуы керек деп санайды. Ал қалған сағаттар үшін ақы төленуі керек.  

Қазіргі таңда Грузияда 48 сағаттық жұмыс аптасы тек медиа саласының өкілдері, балықшылар, көлік, тазарту және денсаулық сақтау қызметкерлері мен құтқарушылар үшін рұқсат етілген. Кәсіподақ өкілдері жұмыс берушілердің келіспеушілігін олардың қосымша ақы төлеуге құлықсыздығымен байланыстырып отыр. Ал кәсіпкерлер жаңа нормалар жұмыс өнімділігін азайтады, дейді. Бизнес-сектор бұл саланы билік өкілдерімен қайта талқылауға ниетті, яғни еңбек шартындағы өзгерістер бойынша әлі нақты нүкте қойылған жоқ. 

Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина