Мюнхенде Қазақстан экономикасы күні өтті
Форумға неміс инвесторлары, Баварияның жетекші компаниялары мен саясаткерлері қатысты. Онда Қазақстанның экономикалық әлеуеті таныстырылып, еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктер туралы айтылды.
Неміс экономикасының локомотиві саналатын, елдегі ең дамыған аймақ – Баварияда 100-ден астам белді кәсіпкер мен түрлі компания басшылары жиналды. Форумда еліміздің Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов Қазақстан бұл мемлекет үшін Орталық Азиядағы жетекші экономикалық серіктес екенін атап өтті. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 8,6 млрд еуроны құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 90%-ға көп. Сондай-ақ, шарада неміс бизнесмендері үшін Қазақстанда эксклюзивті артықшылықтар қарастырылғаны айтылды.
Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Германия - Еуропадағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Президенттің жеке тапсырмасы бойынша, біз неміс кәсіпкерлері үшін ерекше жағдай жасауымыз керек. Инвестиция бойынша үшінші жыл қатарынан өсімге жеттік. Германиядан жыл сайын шамамен 350 миллион еуро аламыз. Демек, өте жақсы байланыс орнаттық. Мюнхен мен Гамбургтегі басты мақсат - коммерциялық кездесулерде бизнес келісімін арттыру.
Бернд-Йозеф Шэфер, GS BAVARIA GMBH атқарушы директоры:
- Қазақстанның жасыл энергия мен сутегі өндірісі саласындағы даму стратегиясы ерекше ұнады. Біздің компания нано бөлшектерден өнімдер шығарады. Қазақстандық нарық біз үшін өте қызықты. Өндіріс орындары шығарған материалдар мұнай-газ өнеркәсібінде және сутегі өндірісінде қолданылады. Астанада еншілес компанияны тіркедік. Алдағы уақытта қарқынды жұмыс істейміз.
Қазақстан мен Бавария серіктестігі дамып келеді. Біздің тарап автомобиль, станок, асыл тұқымды малды импорттаса, Германия елге бидай, химиялық өнімдер, сондай-ақ мұнай мен газ экспорттауда. Қазақстандық тарап Бавариялық бизнесмендерге ынтымақтастықты бұдан да кеңейтуді ұсынды. Мысалы, кен орындарын игере отырып, сирек металдар секторын дамыту. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, баламалы энергетика саласы бойынша басымдық беру ұсынылды.
Маркус Глассер, EOS компаниясының вице-президенті:
- Біз, форумда Қазақстанда бизнес бастаудың алғышарттары туралы білдік. Кәсіпті тіркеу, серіктестер табу туралы ақпарат өте пайдалы болды. Ал біздің фирма 3D басып шығару және лазерлік технологиялар саласында жұмыс істейді. Қазақстанмен енді байланыс орнатқымыз келеді. Бірінші қадам жасалды. Бір күн бұрын біз Қ.Сәтбаев атындағы университетпен келісімге қол қойдық. Алдағы уақытта бірлескен зерттеулермен айналысып, студенттерді оқытамыз.
Йонас Верн, EMAG GMBH & CO.KG компаниясының өкілі:
- Біздің компания бөлшектерді өңдеуге арналған өндірістік жүйелер станогын жасайды. Ол жабдық автомобиль және мұнай өнеркәсібінде, баламалы энергетикада қолданылады. Қазақстанда да осы секторларда жұмыс жасағымыз келді. Нақты айтқанда, жобаны Қазақстанның солтүстігінде іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Қазақстан экономикасы күндері Германияның басқа аймақтарында да өтеді. Форум эстафетасын енді Гамбург пен Берлин қабылдайды.