Америкалықтар қаладан қашып жатыр
Ауылда тұрған жақсы ма, қала дұрыс па? Мұхиттың арғы жағындағы америкалықтар да мегаполистерден қашып, жанға тыныш жайлы жер іздеп жатыр.
Себеп сол - тамақ қымбат, салық бар, коммуналдық төлемақы да халықты ығыр қылған. Осындай қымбатшылық француздарды да шаршатты. Бұл елде үйсіз-күйсіз жүргендер көбейді. Нақтыласақ 4 миллион адам баспанаға мұқтаж.
Америка халқы қаладан қашып, жайлы өмірді ауылды жерден іздеуге көшті. Өйткені алып мегаполистерде күн көру қиын. Қымбатшылық емін-еркін өмір сүруге мұрша бермейді. Ұлттық риелторлар қауымдастығының дерегіне сәйкес, былтыр елдің 25 штатынан азаматтардың жаппай қоныс аударуы байқалған. Мәселен, қалталылар қаласына айналған Нью-Йорктен өткен жылы 300 мың адам көшіп кетсе, Калифорниямен 350 мыңдай тұрғын қоштасыпты. Мамандардың айтуынша, мұның басты себебі өзге өңірлердің еңбек нарығындағы өсіммен байланысты. Екіншіден, баспананың қолжетімді болуы және салықтың төмендігі.
Францияда үйсіздер саны артты
Францияда үйсіздер саны артты. Бүгінде олардың қатары 330 мың адамнан асады. Бұл 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе көп. Жалпы, қазір ФРанцияда пәтер сатып алуға қолы қысқа 4 миллион адам тұрады. Сарапшылар әлеуметтік осал топтағы азаматтардың мұндай қиындыққа тап болуына елдегі инфляция әсер еткенін айтады. Осы бағытта қабылданып жатқан шаралар мардымсыз, дейді олар.
Дегенмен, осы аптада ел үкіметі тұрғын үйге мұқтаж жандарға арналған жаңа бағдарлама жүзеге асатынын жария етті.
Қытайда экономика толық қалпына келген жоқ
Ал көрші Қытайда жылжымайтын мүлік нарығы тоқырап тұр. Баспана сатылымы 30 пайызға төмендеп кеткен. Мұның бәрі коронавирустық шектеулердің кесірі. Осы ретте мамандар аталған сектордың айығу үшін шамалы уақыт керегін айтады. Жалпы, Қытай экономикасы індеттен кейін біршама еңсе тіктегенімен, өндіріс тізбектері әлі толық қалпына келген жоқ.
ХВҚ: Әлем экономикасы өседі
Өз кезегінде Халықаралық валюта қоры тақауда әлем экономикасының өсіміне қатысты болжам жасады. Биыл ол 2,9 пайызға артады екен. Оған ең алдымен Қытайдың коронавирусқа қарсы саясатының жеңілдеуі әсер етсе керек. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропа экономикаларының тұрақтылығы да септігін тигізеді. Экономистер биыл жаһандық рецессияның болмайтынын да айтады. 2023 жылы әлем экономикасы тұралағанның өзінде келер жылы қайта өсетінін алға тартады.