Түркиядағы ахуал. LIVE

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 3381 адамға жетті.

Ал зардап шеккендер саны 20 мыңнан асады. Төрткүл дүние Түркияға қолдан келген көмектерін жеткізіп жатыр. Апаттан кейін арада 1 тәулік өтті. Қазіргі ахуалды, баяндап берсеңіз.

Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер, Түркияға аттанғанын білеміз. Олар басқа да қай аймаққа көмекке барады?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бірінші жер сілкінісінің болғанына 30 сағат болды. Бұл күн, бұл түн түрік жұрты үшін ауыр әрі ұзақ өтті. Апатты 10 провинциядан бөлек басқа аймақтар да жандарын шүберекті түйіп, үйінді астында қалып қойғандардың аман шығуын тілеп отыр. Ақпараттар сәт сайын жаңарып отыр. Құтқарылғандар да баршылық. Қаза тапқан да. Төтенше жағдайлар басқармасының соңғы ақпары бойынша, өмірмен қош айтысқандар саны 2921. Жарақат алғандар 15 мыңнан астам. Өкінішке орай, қираған ғимараттардың саны 6200-ден асты. Осы уақыттың ішінде 7840 адам құтқарылды. Өкінішке орай, олардың аттары мәңгілік, тарихта «депремзаде» деп қалмақ. Қазақша аудармасы, зілзаладан зардап шеккен жан. 10 провинцияда іздестіру- құтқару жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр. Түркия вице- президентінің Фуат Октайдың айтуынша, аймақта 11 мыңнан астам кісі іздестіру- құтқару жұмыстарына жұмылдырылған. 340 мыңға жуық кісі қауіпсіз жерге орналастырылған. Жылжымалы шатырларда медициналық көмек көрсетіліп отыр. Апаттың ауқымы да салдары өте кең. Мыңдаған ғимарат қираған. Бәріне жету, бәріне көмектесу оңайға соқпайтыны анық. 

- Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Түркияға аттанғанын білеміз. Олар қай аймаққа көмекке барады?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ағайынның қадірін істі болғанда білесің деп бекер айтпаған. Президентіміздің тапсырмасынан жолға шыққан 41 кісілік құтқарушылар мен дәрігерлердің келетінін естіген түрік жұрты қуанышында шек жоқ. Әлеуметтік парақшаларда, «Атажұрттан көмек келе жатыр» деп жарыса жазып жатыр. Арнайы борт, жергілікті уақытпен 12:55-те Газиантеп әуежайына тұрақтайды. Төтенше жағдайлар вице- министрі Ибрагим Күлшімбаев бастаған арнайы жасақты топ, осы Газиантеп қаласының орталығында жұмыстанбақ. Топ құрамында 41 кісі. Оның республикалақ жедел көмек жасағының 33 қызметкері, апат- медицинасы орталығының 5 қызметкері, Төтенше жағдайлар вице- министрі Ибрагим Күлшімбаев бастаған ведомствоның үш өкілі бар. Тағы 1 камаз бен 2 арнайы құтқару көлігі, медициналық препараттар қамтылған. Жалпы Түркияның сырты істер министрлігінің мәліметінше, 65 елден 2660 апат маманы 10 провинцияда қызмет көрсетеді. Олардың арасында, Америкадан бастап- Грекияға дейін, Ресей, Балкан, Еуроодақ пен НАТО елдері де бар. Айта кетерлігі, Түркиямен жиі дауласатын Израиль мен Грекия да «Зәйтүн бұтағын» ұзатып, көмек топтарын жөнелткен. Ақтеңізде зәйтүн бұтағын ұзату- жақсы ниеттің символы. Осылайша, күллі дүние- Түркиядағы апатта «гуманизмнің үлгісін» көрсетіп отыр десек кем айтпаймыз.