Түркияның бірнеше қалаларында көлік қозғалысы тоқтатылды
Түркияда 48 сағатқа дейін, Хатай, Кахраманмараш пен Адияман провинцияларына, кез келген көлік қозғалысына тыйым салынды. Бұл туралы вице-президент Фуат Октай мәлімдеді.
Айтуынша, бұл шешім аймақтағы іздестіру-құтқару жұмыстарының шұғыл түрде, әрекет етуі тұрғысынан маңызды.
Апаттық аймақтарда іздестіру- құтқару жұмыстарын орындау үшін тасымал мәселесі өзекті болып тұр. Осы себепті, жергілікті билік екі тәулікке бірнеше қалада қозғалысты тоқтатты. Бұл жерлерге тек арнайы рұқсат қағазбен ғана кіруге болды. Қардың қалың жаууы жығылғанға жұдырық болды. Жолдар жабылып, қозғалыс қиындады.
Фуат Оқтай, Түркия вице- президенті:
- 3432 кісі қаза тапты. Жарақат алғандар саны 20 мыңнан асты. Үгінді астынан 8 мыңдай кісі шығарылды. 5775 ғимарат қирады. Қазірге дейін 312 сейсмикалық толқын болды. 24 жер сілкінісінің деңгейі 5-тен жоғары. Іздестіру- құтқару жұмыстарымыз үздіксіз жалғасуда.
Түрік халқы бұл күнде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Ыстамбұлдың қос әуежайына жан-жақтан еріктілер кезекке тұрды. Дәрігер, спортшылармен қоса университет студенттері де бар. Ыстамбұл губернаторы Али Йерликаяның сөзінше, бүгін 41 ұшақпен апаттық аймаққа 6718 ерікті жеткізілген.
Арандатушылармен күрес күшейтілді
Билік халықты арандатушылармен күресті күшейтті. Кахраманмараштаға қос зілзаладан кейін елді дүрліктіруге бағытталған 90 әлеуметтік парақша иесі анықталып, оның 4-еуі қамауға алынды. Төтенше жағдайлар басқармасы осы тектес жағдайларға қарсы ескерту жасап, тек ресми мәліметтерге сенуге шақырды.