Түркияда зілзаладан көз жұмғандар саны 12 900-ге жуықтап қалды

Түркияда зілзаладан опат болғандардың саны сағат санап өсіп келеді. Соңғы деректерге қарасақ, көз жұмғандар 12 900-ге жуықтап қалды. Зардап шеккендер 63 900-ден асады. Жағдай әсіресе Кахарманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диарбақыр, Адана, Хатай және басқа аймақтарда қиын. Бұл –Түркияның табиғи және төтенше жағдайлар басқармасының деректері.

Бұдан бөлек, жер сілкінісінен 6 мыңдай ғимарат қирап, 13 млн тұрғын зардап шеккен. Соңғы дүмпу ошағы 32 мың тұрғыны бар Бұланық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 33 шақырым жерде тіркелген. Жалпы, зардап шеккен өңірлерде жүздеген құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Ең қиыны үйінді астынан адамдарды аман алып шығу болып тұр. Халықаралық іздеу-құтқару ұйымдарынан 5 мыңға жуық маман тартылған. Жөндеу қалыпқа келтіру жұмыстарына 5500-дей ауыр техника жұмылдырылды.