Түркиядағы табиғи апаттың салдары мен шығыны
Түркиядағы жер сілкінісінен инфрақұрылым нысандары да қатты зардап шекті. Бұзылған жолдар мен қираған үйлерде есеп жоқ. Көп аудан газ бен жарықсыз қалды. Қауіпсіздік мақсатында мұнай тасымалдау жұмыстары тоқтады. Экономикаға нақты қанша шығын келгені жайлы айту әлі ерте. Десе де түрлі ұйымдар алдын ала есептеулерін жария етіп жатыр.
Жер сілкінісінен қанша шығын келді?
15 млрд доллар. Қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі жергілікті агенттіктердің Түркиядағы зілзаладан келген материалдық шығынға қатысты алдын ала есептеулері – осындай. Ал америкалық сарапшылардың пайымдауынша, шығындар елдің жалпы ішкі өнімінің 2%-іне пара-пар болуы мүмкін. Табиғат апатынан зиян шеккен Газиантеп провинциясы елдің оңтүстігінің экономикалық орталығы саналады. Өнеркәсіптік өнімдердің 4%-і осында өндіріледі. Дегенмен мамандар қалпына келтіру жұмыстарын дұрыс ұйымдастырған жағдайда мұның экономикаға оң әсері де болатынын айтады. Өйткені енді жаңа үйлер салынады. Тиісінше құрылысқа қажетті материалдар өндірісінің қарқыны артады. Мұның бәрімен айналысу үшін жаңа жұмыс орындары көбейеді. Бірақ бір айта кетерлігі, бұл – табыс деңгейі жоғары мемлекеттерге қатысты жасалып отырған болжам. Ал Сирия секілді кедей елдердегі ахуал өзгеше. Соғыстан зиян шеккен араб мемлекетінің экономикасындағы жағдай табиғат апатына дейін де күрделі болатын.
Роберт Воскеричян, Ресей халықтар достығы университеті экономика факультетінің доценті:
- Ақпарат құралдарында Түркиядағы зілзаладан келген алдын ала шығындар туралы мәлімет пайда болды. Онда 15 млрд доллар деп көрсетілген. Бұдан бөлек, жапа шеккендерге әлеуметтік қолдау жағын да ұмытпау керек. Қазіргі апаттың шығыны 1999 жылы Измирде болған алапат жер сілкінісінің экономикалық салдарымен шамалас. Яғни, кемі 20 млрд доллар болатын сияқты. Ал Сирияда зілзаланың материалдық шығыны 3 млрд доллар шамасында.
Көмек жеткізу қиындады
Иә, Сириядағы ахуал күрделі. Зілзаладан жапа шеккен елдің солтүстік-батысының бір бөлігі үкімет бақылауында болса, екінші бөлігі – оппозицияның уысында. Сол себепті қазір мұнда гумианитарлық көмек тек бір бекет арқылы жеткізіліп жатыр. Табиғат апатына дейін сириялықтардың 90%-і кедейшілікте өмір сүрді. Енді бұған жер сілкінісі қосылып, жығылғанға жұдырық болды. Өйткені мұнда да Түркиядағыдай жолдар бұзылған. Салдарынан логистикалық қиындықтар тудап отыр. Сонымен қоса түрлі аурулардың өршу қаупі де бар. Өйткені қарулы қақтығыстан су инфрақұрылымдары істен шығып, желтоқсанда елде 60 мың адамның тырысқақ жұқтырғаны расталды. Ол аздай, қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Зілзаладан қираған түрмеден «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» 20 содыры қашып кеткен.
Муханнад Хади, БҰҰ-ның Сирия бойынша аймақтық үйлестірушісі:
- БҰҰ Сирияға көмектесуге әзір. Бірақ бізде ондай мүмкіндік болмай отыр. Өйткені гуманитарлық мәселелерді Сирия тарапымен, яғни тек билікпен ғана емес, оппозиция өкілдеірмен де келісуіміз керек. Ал бұл мәселеде қиындық көп.
Гаитидегі зілзала салдары
Әлемнің кедей елдерінің бірі Гаитиде 13 жыл бұрын алапат жер сілкінісі болған еді. Түрлі мәлімет бойынша, 300 мыңға жуық адам көз жұмды. Инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай нұқсан келді. 250 мың үй қираған. Бұдан бөлек, президент сарайы, парламент, БҰҰ-ның өкілдігі, денсаулық сақтау министрлігі секілді ғимарттарға да айтарлықтай зақым тиді. Ол кезде экономикаға келтірілген шығын 14 млрд долларға бағаланған.
Жапониядағы зілзала салдары
Гаитидегі апаттан кейін бір жылдан соң, яғни 2011 жылы Жапонияда да 9 балдық алапат жер сілкінісі болды. Қаза тапқандар мен із-түссіз жоғалып кеткендер саны 20 мыңға жуықтайды. Марқұмдардың 93%-і зілзаладан кейінгі цунамиден көз жұмған. 190 мың ғимарат жартылай не толығымен қираған. Материалдық шығын 309 млрд долларға дейін жетеді.
Қытайдағы зілзала салдары
2008 жылы Қытайда адамзат тарихында құрбандар саны ең жойқын жер сілкінісі болды. Ресми мәлімет бойынша, ол кезде 88 мыңға жуық адам көз жұмды. Оның ішінде жоғалғандар да бар. 5 млн тұрғын баспанасыз қалды. Келтірілген материалдық шығын 153 млрд доллар шамасында.