Польша халқы балалы болуға асықпайды

Балалы отбасы - мемлекет тірегі. Алайда қазір көп елде жастар сәбилі болуға асықпайды.

Бұрындары бұл негізінен Еуропа мемлекеттері үшін өзекті проблема болса, кейінгі кездері Азияда да осындай тенденция байқалады. Бұған коронавирустың да кесірі тиді.

Польшада бала туу көрсеткіші 40 процентке қысқарып, кейінгі 30 жылда болмаған ең төменгі деңгейге түсті. Оған экономикалық қиындықтар мен жұмыссыздық себеп. Оның үстіне қыз-келіншектердің отбасын құруға қатысты көзқарасы өзгерген. Демографиялық көрсеткіштердің төмендеуінің тағы бір себебі - жасанды түсікке қатысты заң қатаңдатылды. 2021-ші жылдан бері оны жыныстық зорлау, инцест не анасының өміріне қауіп төнген жағдайда ғана жасауға рұқсат етіледі. Ал мәселен, іштегі баланың дамуына қатысты кемістік болса да, әйел оны дүниеге әкелуге міндетті. Жергілікті билік түрлі ынталандыру шараларын қолға алып жатыр. Мәселен, "Отбасы 500+" жобасын қаржыландыру мөлшері артқан. Оған сәйкес, әр балаға ай сайын 500 злотыйдан төленеді. Бұл біздің ақшаға шаққанда, 50 мың теңге шамасында. Алайда бағдарламаның пайдасы шамалы. Бала туу көрсеткіші тек Польшада ғана емес, Еуропаның өзге елдері үшін де өзекті проблема. Алайда мәселен, Испания мен Португалияда бұл мәселе мигранттар есебенін шешіліп отыр. Ал Польшада көші-қон заңдары қатаң.    

Шиваджи Дас, FROST & SULLIVAN компаниясының басқарушы директоры:

- Түрлі елдерде бала тууды ынталандыру шаралары қолға алынған. Мәселен, Германияда әйелдерге көмектесу, бала күтімі секілді мәселеге көп көңіл бөледі. Бұдан бөлек жалғызбасты әйелдерде аналық жасуышасын мұздату мүмкіндігі бар. Бұл инновациялық әдісті өзге елдер де қолданса болады.

Қытайда бедеулік тегін емделеді

Қытайда да бала туу көрсеткіші төмен. Кейінгі 60 жылда алғаш рет халық саны қысқарды. Ал бұл экономиканың дамуын тежейді. Осыған байланысты мемлекеттік медициналық сақтандыру аясында бедеулікті тегін емдеу ұсынылып отыр. Бұдан бөлек билік репродуктивті технологияларды қаржыландыру көлемін арттырады. Бұрындары некесіз туған сәбилерді тіркеуге қатысты шектеу болатын. Қазір ол алынып тасталды. Бұдан былай, мәселен, Сычуань провинцияснда енді жалғыз басты аналар мен әкелер,,,отбасылы ата-аналар сияқты жеңілдіктерді пайдалана алады.

Чжан Хуминь, Бейжің тұрғыны:

- Қазір бәсеке жоғары. Мәселен, баспана бағасы шарықтап тұр. Жұмысқа тұру оңай емес. Мен отбасымдағы жалғыз баламын. Егер менің інім не сіңлім болғанда, ата-анама оларды асырау қиын болар еді. Сондықтан халық санының азаюы бір жағынан жақсы да шығар. Мүмкін ақыр-соңында үйдің бағасы арзандайтын болар.

Канадада демографиялық дағдарыс

 Канадада да демографиялық дағдарыс. Мұнда бала туу көрсеткіші,,, ең төменгі деңгейде. Өйткені өмір сүру құны қымбат. Пандемиядан кейін проблема тіптен ушығып кетті. Өйткені коронавирусқа байланысты туындаған экономикалық қиындықтардан кейін жұрттың балалы болуға қатысты көзқарасы өзгерген. 2021-ші жылдың соңында жария етілген статистикаға сәйкес, 49 жасқа дейінгі канадалықтардың дені пандемия кесірінен сәбилі болу жоспарынан бас тартқан екен. Демографиялық проблемалар салдарынан жұмыс күшінің тапшылығы туындаған. Бұл мәселені шешуге мигранттар көмектесіп отыр.