Түркияда қазақстандық құтқарушылар қырағылық танытты

Түркияда жер сілкінісінен опат болғандар саны 19 мыңнан асты. Тағы 77 мыңнан аса адам жарақат алған.

Апат аудандарында құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олардың ішінде қазақстандық мамандар да бар.

Түркияның Газиантеп аймағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлердің бірі. Қазір ол жерде қазақстандық мамандар үйінді астында қалып қойған адамдарды құтқаруда. 

Исмаил Сүндік, Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары:

- Оқиға орнында іздестіру құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстаннан келген құтқарушылардың кәсіби шеберліктері жоғары. Олар бірнеше кісіні үйінді астынан алып шықты. Алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Қазақ бауырларға алғыс айтамын.

Қазақстандық құтқарушыларға қала орталығындағы 7-қабатты Апмуккале тұрғын үйі және және 6 көпқабатты ғимараттан тұратын Айше-Пулат кешені тапсырылды. 

Күлшімбаев Ибрагим, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі:

- Бүгінде күрделі жағдай сақталып отыр. Қазақстан құтқарушыларының құрама тобы Түрік республикасының екі қаласында іздестіру-құтқару жұмыстарын өткізіп жатыр. Қазір осы жерде ғимараттың қираған қабаттарын бөлшектеп аршимыз. Осыдан кейін төменгі қабаттарында иісшіл иттер мен арнайы құралдармен іздестіру жұмыстарын ұйымдастырамыз. 

Жетінші ақпанда келген мамандарымыз күні-түні тынбай жұмыс істеп жатыр. Үйінділер астында аман қалған адамдар болуы мүмкін, сондықтан аса мұқияттылық керек. Жылуды сезетін арнайы құралдардың көмегімен тексереді. Ал қирандының бір қабатын аршып болғаннан кейін, жер астындағы дыбысты есту үшін, бүкіл жабдықты өшіріп, бірнеше минутке үнсіздік тәртібін жариялайды.

Тұрғыт Бозан, Газиантеп қаласының тұрғыны:

- Біз отбасымызбен 5 адам өмір сүрдік. Ата-анам қиранды астында қалды. Апат болғаннан бері осы жерде күн түн демей жүрміз. Құтқарайық десек техника жеткіліксіз. Қазақстандық құтқарушыларға алғыс айтамыз. Термокамералар көрсеткендей үйіндінің астында тірі адамдар әлі бар. Сондықтан үмітіміз сөнген жоқ.

«Бес күн өткеннен кейін аман қалу мүмкіндігі күрт азайды»,- дейді мамандар. Қыстың суығында үйінділер астында қамалған адамдардың ауыз-су мен тамағы жоқ. Дегенмен үмітті үзуге болмайды, соңына дейін жұмыс істейміз дейді жігігттеріміз. Расында да бүгін бірнеше адам құтқарылды. Отандастарымыз істеп жатқан Газиантеп қаласында 92 сағат бойы бетон астында қалған 17 жасар жасөспірім аман қалды. Адиямане қаласында 100 сағат көмек күткен 36 жастағы ер адам, ал Хатай өңірінде 102 сағаттан кейін бір әйел мен 12 жасар ұлы жарыққа шығарылды.  Жалпы бүгін құтқарушылар ондаған адамды ажалдан арашалап алды.