Сирияның жағдайы мүшкіл

Зілзаладан Сирия да қатты зардап шекті.

Апат аймағындағы қалаларда жағдай ушығып, гуманитарлық дағдарыс басталды. Бір ғана Алеппоның өзінде 10 мыңнан аса адам баспанасыз қалды. Қазір олардың күні халықаралық қауымдастыққа қарап тұр.

Алеппо Сирияның Дамаскіден кейінгі екінші ірі қаласы. Шаһар халқының саны азаматтық соғысқа дейін миллионнан асатын. Алайда кейінгі 12 жылда тұрғындар саны әжептәуір азайды. 2016 жылы кескілескен ұрыс жүріп, Сириялықтардың басым бөлігі босып кетті. Бірнеше аудан қирап қалды. Соның бірі Шаар елді мекені. Соғыстан көз ашпаған қалаға жер сілкінісі жығылғанға жұдырық болды. 

Зілзала тоқтағанымен қауіп сейілген жоқ. Жер сілкінісінен зақымданған ғимараттар бір аптадан кейін құлап жатыр. Алеппода өткен тәулікте 4 үйдің қабырғасы опырылып, жермен-жексен болды. Сирияда да Түркиядағы секілді сапасыз салынған ғимараттар табиғи апатқа төтеп бере алмапты. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған.  

Саид Бадауи, инженер:

- Жер сілкінісі түнгі екіде басталып, екі минутқа дейін созылды. Мына үй алты қабатты еді. Түгел қирап қалды. Адамдар ұйқыда жатып, опат болды. Тірі қалғаны далада түнеп жүр. Егер халықаралық көмек болмаса жағдайымыз одан бетер ушығады. 

Қазіргі мәлімет бойынша Алеппода зілзаладан 10 мыңнан аса адам зардап шегіп, далада қалған. Жер сілкінісінен кейін күн де суытты. Түнде ауа температурасы минус үшке дейін төмендейді. Таяу Шығыс үшін - бұл едәуір салқын сезіледі. Мамандар аштық пен суықтан үсіп өлгендер қатары күрт артуы мүмкін екенін ескертеді.  

Бадар Насиф, Алеппо провинциясы әкімшілігінің бас инженері:

- Зардап шеккен адамдарды басқа аумаққа орналастыру бойынша жоспар құрдық. Жағдай қиын, жұмыс ауыр. Баспанасыз қалған отбасы көп. Бізге жәрдем беріп, көмек қолын созып жатқан халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерге алғыс айтамыз.

Соғыстан әбден титықтаған елдің жағдайы мүшкіл. Жұрттың бәріне жәрдем беруге жергілікті үкіметтің шамасы жетпейді. Сирия халқының күні халықаралық гуманитарлық ұйымдар мен шетелдерден келетін көмекке қарап қалды. Бірақ оның өзі Түркияға жасалып жатқан қолдаудан әлдеқайда аз. Елдегі саяси ахуал мен санкция және ұзаққа созылған соғыс кері әсерін тигізді. Қазіргі уақытта Сирияға Қытай, Иран, Ресей және араб елдері қол ұшын созып жатыр. Президенттің пәрменімен Қазақстан да гуманитарлық қолдауға қосылды. Ел Үкіметі, соның ішінде Сыртқы істер министрлігі гуманитарлық миссияны дер кезінде жүзеге асырды. Штаб-пәтері Астанада орналасқан Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы арқылы да Сирия халқына көмек жіберіліп жатыр.  

Григорий Беденко, Радик Жақыпов