Түркияда зілзала құрбандарының саны 32 мыңға жуықтады

Жер сілкінісінен 10 провинцияда тұратын 16 млн-нан аса адам зардап шеккен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің Отбасы және әлеуметтік қызмет министрлігінің мәліметі бойынша, үйінді астынан 300-ге жуық бала құтқарылған. Оның жартысынан астамы ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал 101-і үкімет құрған уақытша тұрақтау орталықтарына жіберілген.

Мевлүт Чавушоғлы, Түркияның Сыртқы істер министрі:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан гуманитарлық көмек таситын көліктердің саны көбейіп келеді. Сириямен шектесетін  аумақтағы Килис қаласында 2 шекара қақпасы бар. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымына осы бекеттер арқылы гуманитарлық көмек жібере алатынымызды айттық. Ал «Күрдістанның Жұмысшылар партиясының» бақылауындағы аймақтардағы шекара ашылмайды. Сондай-ақ Сириядан Түркияға босқындар ағыла бастады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Сирияда жер сілкінісінен көз жұмғандар қатары 5700-ден асты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, араб елінде табиғи апат салдарынан 5 миллион 300 мың адам баспанасыз қалған.