Германияда әлімжеттік азаймай тұр
Германияда оқушылардың 15%-і мектепте әлімжеттікті бастан кешкен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл елде оны «моббинг» деп атайды. Зерттеулерге қарағанда, жәбірлеу көбіне жасы 15-ке толған жеткіншектер арасында кездеседі екен. Оқушылар психологиялық және физикалық кемсітушілктен бөлек, ғаламторда да буллингке жиі тап болатыны анықталған. Жасөспірімдердің 17%-і өмірінде 1 рет болсын, осындай қорқыту түріне ұшырағанын айтқан. Германияда әлімжеттікпен күресу үшін арнайы бағдарлама бар. Арнайы дайындалған жаттықтырушылар мектептерде дәріс оқып, мәселені шешуге көмектеседі. Сонымен қатар тегін жедел желі жұмыс істейді.
Лоренц, оқушы:
- Орта мектепте оқығанымда осындай мәселе болған. Меніңше, моббинг елдің көп оқу орынында бар. Сондықтан онымен күресуге көп көңіл бөлу қажет. Әсіресе балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды деп ойлаймын. Біздің мектепте егер осындай жағдайға тап болсаң, әлеуметтік мұғалімнен көмек сұрауға болады. Немесе жедел желі арқылы хабарласа аласыз.
Грета, оқушы
- Біздің мектепте моббингпен күресу үшін оқушылар арасында жауапты бала тағайындалған. Біреу-міреу кемсітіп қорқытса, бірден соған айтуға болады. Себебі кей оқушылар мәселені ата-анасына немесе мұғалімге айтуға ұялады. Мұндай тәжірибені Берлиннің өзге де мектптерінде енгізуге болады деп ойлаймын.