Израильде «АйЭмТиЭм 23» атты ірі туристік көрме өтіп жатыр

Израильде «АйЭмТиЭм 23» атты ірі туристік көрме өтіп жатыр. Келушілер арасында қазақстандық павильонға деген қызығушылық зор.

Көрме "Экспо-Тель-Авив" павильонында өтіп жатыр. Оған жүздеген туристік фирма мен әуе тасымалдаушылар қатысуда. Келушілердің дені қазақстандық павильонға үлкен қызығушылық танытуда. Залдың қақ ортасында ақшаңқа киіз үй тігілген. Оның маңайында қазақстандық Әміре есімді студент домбырамен әдемі әуендерді орындайды. Ал қазақтың дәстүрлі шапанын киген елшіміз Сатыбалды Бұршақов суретке түскісі келгендердің бетін қайтармады. 

Келушілер киіз үйдің ішіне кіріп, қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм тата алады. Мұнда ұлттық киімдерді көруге болады. Сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінің тілінде жазылған кітаптар қойылған стенд те бар.

Зинаида Полянская, Қазақстаннан шыққан Израиль азаматтары қауымдастығының төрағасы:

- Болашақта біздің қауымдастық өкілдері мен осы Израильдегі достарымыз жиналып, Қазақстанға барып қайтсақ па деп отырмыз. Ондағы көрікті жерлерді өз көзімізбен көрсек дейміз. Бұл ретте Қазақстанның туристік қауымдастығымен байланысымызды үзбей отырмыз.

Израильдік туристер арасында Орталық Азия танымал бағыттардың біріне айналған. Бұл  елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізуде.

Сатыбалды Бұршақов, Қазақстанның Израильдегі елшісі:

- Негізгі мақсат бұл Израиль туристерін Қазақстанға тарту. Израиль бизнесіне Қазақстан нарығын көбірек түсіндіру. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы артып, инвестиция артып келеді. Мысалы, 2022 жылы тауар айналымы Қазақстан мен израиль арасында 900 миллиондай АҚШ долларын құрады. Ал егер инвестицияға келетін болсақ, соңғы екі жылда - 2021 және 2022 жылдары 80 миллиондай тікелей инвестиция тартылды Қазақстан нарығына. 

Қазір қос тарап арасында медициналық туризмдегі серіктестік артып келеді. Сала пандемиядан қатты зардап шеккен. Бірақ қазіргі көрсеткіштерге қарап, бұрынғы қалыпқа жуық арада келеді деген үміт бар. Алайда әлі күнге дейін екі ортада тікелей әуе қатынасының болмауы мұны қиындатып отыр. Дейтұрғанмен Тель-Авивтегі көрмеге келген қазақстандық әуе тасымалдаушылар мәселе міндетті түрде шешіледі деп сендірді.  

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сергей Ауслендер