АҚШ-та ғалымдар елімізде көне ескерткіштердің қорғалмай жатқанына алаңдайды
Қазақстан тарихы терең, мәдениеті бай мемлекет.
«Дегенмен археологиялық ескерткіштерді қорғауға ерекше мән берілмей жатыр», - дейді америкалық ғалымдар. Қазақ жерінде 90 жылдардың басында қазба жұмыстарымен айналысқан Перри мен Клаудияның өздері зерттеген мәдениетке деген құрметі ерекше.
Америкалық отбасы Перри мен Клаудияның төрінде текемет, төсегінде қазақы көрпе төселген. Қабырғасында Алматы жазуы ілулі. Оюлы кесе, самауыр, кигізден жасалған бұйымдарға қарап қазақы шаңыраққа тап болғандайсың. Бізге сандыққа сақтаған жылы жұмсағын ұсынып, сүтпен шәй берген Клаудия Чаң Қазақстанда қазба жұмыстарымен айналысып, «Орта Азияның көне дәуір тарихын қайта қарау» кітабын жазған. Ал күйеуі Перри фотогораф.
Олар Алматы облысындағы жүздеген қорғанның электронды картасын жасаған. Ғалымдар елімізде көне ескерткіштердің дұрыс қорғалмай жатқанына алаңдайды.
Перри Туртеллотта, археолог-фотограф:
- Міне мына аймақтардан біз қыш ыдыстарды таптық. Дәл қазір мына жол тура осы тарихи орындармен өтеді. Бұл тас жолдың археологиялық ескерткіштерге жақын төселіп жатқанын көргенде көңілім түсті. Көп жерде жолдар терең қазылмай, биіктетіп салынып жатыр екен. Сондықтан қорғандар мен қоныстар бұзылмай сақталып қалса, келешекте зерттеуге мүмкіндік туар.
Клаудия Чанг, Бингемтон университетінің профессоры, антрополог:
- Басты мәселе жердің көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Сондықтан археологиялық ескерткіштердің бұзылуына кім жауапты екенін табу қиын. Тарихи орындарды қорғайтын заң бар. Бірақ, сол заңды жұмыс істетін тиісті мекемелердің пәрмені аз. Бұрын мемлекет қарауында болғанда кез келген жерде кедергісіз қазба жұмыстарын жүргізетінбіз. Жекеменшікке өткен соң ол жерлерге кіру қиындап кетті.
Перри Қазақстанда отыз жыл бойы өзі түсірген суреттерді көрсетіп, әр сәтті кеше ғана болғандай қызыға баяндайды. 90 жылдардың басындағы халықтың тұрмысы, Алматы көріністері, қарапайым адамдардың портреттерін түсірген. Арнайы альбом да шығарған. Ерлі-зайыпты археологтар қазақ даласында бірнеше жыл тұрып белгілі ғалымдар Карл Байпақов, Бекмұхамбет Нұрмағанбетовпен көшпенділер тарихын зерттеген.
Клаудия Чанг, Бингемтон университетінің профессоры, антрополог:
- Талғар аймағында өмір сүрген адамдар біздің жыл санауымызға дейін мың жыл бұрын да егін салған. Олар бидай, арпа және тары секілді дәнді дақылдарды өсірген. Яғни, тек мал баққан көшпелі салтты ұстанған жоқ. Әрі ауыл шаруашылығын игерді. Мұны халық үлкен жаңалық ретінде қабылдады. Қазып зерттеу жүргізген қоныстар өте күрделі жасалғанын көрдік. Олар саз балшықтан үйлер салған, құрылысы өте күрделі шұңқырлы үйлер тұрғызған.
Клаудия Қазақстанның кейбір аймағындағы байырғы тұрғындар жер өңдегін дәлелдейді. «Осылайша көшпенді халықтарда қарапайым ғана өмір салты болды дегенді тұжырымды жоққа шығардық»,- дейді.