Дүниежүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі
Дүниежүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі биыл да өткір болғалы тұр. Біріккен ұлттар ұйымы осылай деп дабыл қағуда.
Себебі, климаттың өзгеруі мен Украинадағы ахуалдан көп елдің ауыл шаруашылығы қатты зардап шеккен. Дағдарысты еңсеру үшін мемлекеттер саланы дамытудың жолдарын қарастырып, түрлі шаралар қабылдап жатыр.
Зимбабве тары өсіруге ден қойды
Шығыс Африка елдерінің экономикасына өткен жылғы қуаңшылық кері әсерін тигізді. Жауын-шашынның аздығынан егін шықпай, шаруалар шығынға батты. Украинадағы қарулы қақтығыс та зор залалын тигізді. Шикізат пен тыңайтқыш жеткізу тоқтап, халық қатты зардап шекті. Жағдайды зерттей келе өңірдегі кейбір елдер суды аз қажет ететін әрі қуаңшылыққа төзімді тары өсіруге ден қойып жатыр.
Джестина Ньямукунгугенгу, шаруа:
- Біз тарыны баяғыда көп өсіретін едік. Кейін жүгері егуге көштік. Бірақ ол көп суды қажет етеді. Сондықтан жұмысы қиын болса да енді тары егуге қайта оралып жатырмыз.
Қытайда ауыл шарушалығы басты назарда
Қытай билігі әлемдегі геосаяси жағдайды ескере келе, «ауыл шаруашылғын нығайту туралы» стратегиялық құжат қабылдады. Басты мақсат - ауылдық жерлерді жан-жақты дамытып, астық шығымын арттыру. Оған сай ауыл шаруашылық инфрақұрылымын салуды жылдамдатып, салаға технологиялық қолдауды күшейту қаралды. Қазірдің өзінде салаға 21 миллаирд доллардан астам қаржы бөлінді.
Гу Хайчжун, Чандэ округінің технология және өнеркәсіпті дамыту бюросының директоры :
- Биыл жетекші кәсіпорындар мен университеттер арасындағы байланысты нығайтпақ ойдамыз. Оқу орындарында осы саланы зерттеуге көп көңіл бөлініп, табиғи өнім өндіру бойынша арнайы аймақтар құрылады. Шаруалардың кірісін арттыру үшін кооперативтер мен фермалар арасындағы өзара байланысты күшейтеміз.
БАӘ-де шөл далада дәнді дақылдар өседі
Дүниежүзінде шикізат жеткізу тізбегінің бұзылуынан Бірікккен Араб Әмірліктрі де ауыл шаруашылық саясатын қайта қарауға мәжбүр. Себебі, Украинадағы жағдай азық-түліктің 90 пайызын шетелден импорттайтын елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтірген. Осыған байланысты Шарджа билігі шөл далада егін егуді қолға алып, Млейхада 400 гектар жерге бидай салды. Жоба жақсы нәтиже берсе бұл бастама елдің өзге өңірлерінде жалғаспақ.
Халифа Әлтенейджи, Шарджа әмірлігінің ауыл және мал шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Біздің елде басты мәселе су. Бірақ біз осы істе озық технологияны қолданып мәселені шешуге қол жеткіздік. Сондықтан шығындарға қарамастан алынған өнімнің құны нарықағы бағамен бірдей болады деп сенеміз.
Испанияда тыңайтқыш құны кәсіпке кедергі
Испаниядағы шаруалар да ғаламдық дағдарыстан қатты зардап шегуде. Әсіресе жергілікті фермерлерге Ресейден тасымалданатын тыңайтқыштың қымбаттауы ауыр тиді. Мысалы, соңғы бір жылда аммиак селитрасының тоннасы 400-ден 1 мың еуроға өсіп, шарулардың кәсібін тежеп-ақ тұр. Осыған байланысты жергілікті фермерлер үкіметтен қаржылық қолдауды күтеді.