Өзбекстанда ғылымның әлеуеті артып келеді
Зерттеумен айналысатындардың саны 30 мыңға жуықтаған. Ал үкіметтің бұл салаға бағыттайтын қаржысы республикалық бюджеттің 0,39%-іне тең. 2018 жылдан бері 350-ге жуық жоба коммерцияландырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – Ташкенттің Әл-Хорезми атындағы айти мектебі. 2017 жылы ашылды. Білім ошағы демеушілік қаражат есебінен заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Шәкірттер бірде-бір халықаралық додадан олжасыз қайтқан емес. Білім беру процесі – тегін. Өрендер 5-сыныптан қабылданады.
Ділрабо Давидова, IT мектеп директорының орынбасары:
- Мектебіміз – айти бағытқа бейімделген бірден-бір білім ұясы. Оқушылар ерте жастан бағдарламалау тілін үйренеді. 800-дей бала тәлім алып жатыр. Олар күн сайын өзгеріп жатқан айти саланы меңгеріп, өздері де жаңашылдықтарымен танылады.
Мұндай білім ошағын тәмамдаған түлек елдегі айти университеттердің бірін таңдай алады. Өзбекстанда 2018 жылдан бері 28 ғылыми мекеме және 4 инновациялық технопарк іске қосылды. Ғалымдардың жалақысы өсіп, ұлттық ғылым академиясы қайта құрылды. Қазір салаға ел қазынасынан 670 млрд сом жұмсалады. Бұл – республикалық бюджет шығындарының 0,39 процентіне тең.
Абдулазиз Расулев, заң ғылымдарының докторы, профессор:
- Ғылымды 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі тұжырымдамада саладағы ең өзекті 19 проблема аталды. Экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың ғылымға қызығушылығы әлі де төмен. Ғалымдардың орташа жасының ұлғаюы мен қаржы ресурстарының жеткіліксіздігі байқалады.
Жергілікті ғылыми зерттеулерге шетелден қаржы тартуға шектеу жоқ. Осы мүмкіндікті елдегі жас ғалымдар кеңінен пайдаланып келеді. Өзбекстан жоғары технология университеті таяуда Біріккен Араб Әмірліктерінде 136 мың доллардың грантын иеленді. Студенттер дайындаған «Don’t waste» мобильді қосымшасы жүлделі екінші орынға лайықты деп танылды. Жалпы, ел жастары отандық ғылым сапасын жақсартып, саладағы кем-кетікті реттеуге құлшынып отыр.
Тұрдымұрат Тұрсынмұратов, Ташкент Инха университетінің проректоры:
- Жастарымыз жасампаз жобаларымен танылып келеді. Біріккен Араб Әмірліктерінде жеңіске жеткен жоба қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған. Одан бұрын да студенттеріміз елдің байланыс саласына софт бағдарламалар әзірледі. Біздің оқу орнын тәмамдаған буын әлемдік компанияларда жұмыс істеп жатыр.
Өзбекстан инновациялық даму министрлігі кейінгі 4 жылда 342 ғылыми жобаны коммерцияландырды. Әрі инновациялық бастамаларды қолдауға негізделген құқықтық база қалыптастырды. Дегенмен көршімізді алаңдатпайтын мәселе де жоқ емес. Мәселен ел бюджеті тек конструкторлық жұмыстарды ғана қаржыландырады. Жағдай 2030 жылға қарай өзгеруі мүмкін. Үкімет сол уақытқа дейін шығындардың 40%-ке жуығын жеке сектор өтейді деп жоспарлап отыр.