Лондонда қазақ тілін үйренем деушілердің қатары артты
Лондонда қазақ тілін үйренем деушілердің қатары күрт артқан.
Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдағаннан кейін, олардың ана тілімізге деген қызығушылығы ояныпты. Ағылшындар сәлемдесіп, қоштасудан бөлек, қазақ тілінде ән айтуды да меңгеріп алған. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі Халықаралық тілдер күні қарсаңында, олардың басын қосып, ерекше шара ұйымдастырды.
Бұл – «Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері. Оларды дала даусымен дүниені дүр сілкіндірген дүлдүл әншіміздің өнеріне деген махаббат біріктіреді. Араларында Қазақстанға саяхаттағандар көп. Мәдениетімізбен, салт- дәстүрімізді көрген. Ұлттық тағамымыздан дәм татқан. Қысқасы бәрінен хабардар.
Джилл Бичeм, фан-клуб төрайымы:
- Мен негізі бала күтімі бойынша колледж студенттеріне лекция оқимын. Фан-клубымызды 2022 жылдың тамызында аштық, бар болғаны 6 ай өтті. Күні кеше 1 000-шы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуандық.
Луанна Кипинг, фан-клуб мүшесі:
- Құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқаны Алматыға Димаштың концертіне барғанда сатып алдым. Тереза құрбым екеуміз көлге бардық, шатқалдарды да көрдік. Өте тамаша уақыт өткіздік.
Қазақ тіліне деген қызығушылық ағылшындардан өзге уэльс, португал, пәкістан, еврей халықтарының арасында да сұранысқа ие. Ұстаздары - Кәусар Ғалымжанқызы. Жасы онда. Бастауыш мектепте оқиды. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатыр. Қос тілге жетік бүлдіршін бұған дейін қазақстандық телеарнада балаларға ағылшынша үйретіп, тәжірибе жинақтаған. Енді міне ұлттық киім киіп, британдықтарға қазақ тілін насихаттап жүр.
Кристина Брэйн, фан-клуб мүшесі:
- I can say “Сәлем”, I can say “Қалайсыз”, I can say “Менің атым Кристина”.
Тереза Невес, фан-клуб мүшесі:
- Қазақстанның мәдениетіне, тіліне тәнтімін. Халқы да керемет. Біз осы
фан-клубқа мүше болғанымызға қуанамыз. Димаш барлығымызды үлкен
шаңырақ астында біріктірді. Біз ұйыған бір отбасындаймыз.
Бұл күні Халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын
да өткізді. Қоғамдық ұйымға қаражат жинап берді. Ол ақшаға жетім немесе әлеуметтік аз топтағы балаларға музыкалық аспаптар сатып әпермек.
Джилл Бичeм, фан-клуб мүшесі:
- Біз әзірге 1 млн. теңге жинадық. Науқан әлі де жалғасып жатыр. Бұл сома еселене түседі деп сенеміз. Болашаққа құрған бірқатар жоспарларымыз бар.
Халықаралық тілдер күні қарсаңында өткен кеште түрлі ұлт өкілдері өз тілдерінде өлең оқыды. Димаштың шығармашылығына қатысты танымдық сұрақтарға жауап берілді. Өнер иесі бес жыл бұрын Лондонда концерт қойғаны белгілі. Жанкүйерлері сүйікті әншілерін Ұлыбританияға тағы келуін күтіп жүр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы