Өзбекстанда гид саны артты
Өзбекстанда мемлекеттік реестрге тіркелген кәсіби гидтер саны 2 жарым мыңға жетті.
Оның ішінде ым-ишара тілін білетіндер де бар. Көршіміз туризм саласына жаңа маман даярлау бағдарламасын іске қосты. Мемлекет жыл сайын шетелден 9 млн саяхатшы тартуды межелеп отыр. Ішкі туризм де қарқын алуы қажет. Көрсеткіш көп ұзамай 12 миллионға жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде салада 250 мың адам жұмыс істейді. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету жағы ақсап келген еді. Шетелден келетін меймандар кейде сурдоаударманы талап етеді. Үкімет мәселені арнайы бағдарлама арқылы шешуге кіріскен. Оның аясында білім-біліктілігі толысқан гидтер даярланып, жаңа бағыт-бағдарлар пайда болады.
Ділбар Әбдунәбиева, Туризмді дамыту және проблемаларын зерттеу институтының әдіскері:
- Бағдарлама мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Өзбекстанның барлық аймағына сапар шегуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстан, Ресей, Қырғызстаннан келетін меймандар ым-ишара тілін білетін гидтерді де талап етеді. Сондықтан былтыр Ташкентте 11 маманды арнайы оқытудан өткіздік. Енді Самарқанд, Бұқара және Хиуада бағдарламаны жалғастыратын боламыз.