Италияда күріш алқаптары азайып барады
Ауа райы тосын мінез танытты. Францияда күн күрт жылып кетіп, жеміс ағаштары мерзімінен ерте гүлдеді.
Ал Италияда құрғақшылық қысып, күріш алқаптары құрғап жатыр. Аргентина билігі биыл бидай экспорты қысқаруы мүмкін, деп алаңдаулы.
Қыстың жұмсақтығы франциялық фермерлерді сары уайымға салып жатыр. Өңірде талай жұртқа нәпақа болған жемісті ағаштар уақытынан ерте гүлдей бастаған. Шарасыз шаруалар "енді не істейміз" деп шырылдайды. Өйткені алдағы апталарда күн күрт суып кетсе, бүртіктердің барлығы үсіп, бағбандар жазда жеміссіз қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, кәрі құрлықта өсетін жеміс түрлеріне қатал қыстың болғаны керек. Алайда соңғы жылдары ауа райы Еуропаны мүсіркемей тұр. Ресми дерек бойынша ауа температурасы үнемі көтеріліп келеді. Болжам бойынша алдағы жылдары да дәл солай жалғаса бермек.
Италияда күріш алқаптары азайып барады
Италияда күріш алқаптары азайып барады. Бір жылдың өзінде оның аумағы 8 мың гектарға қысқарған. Бұған бірінші кезекте ылғалдың аздығы себеп болып тұр. Егін егу маусымы алдында жауын-шашын мөлшері әдеттегіден 40 пайызға аз түскен. Соның кесірінен өзен-көлдердің де халі мүшкілденген. Қаңсып, айтақырға айналғалы тұр. Осыған байланысты жергілікті диқандар қазір дабыл қағып жатыр. Расымен де, По өзені 3 метрге тартылса, Гарда көліндегі су деңгейі 38 пайызға азайып кеткен.
Айта өтейін, Италия күріш өндірісінен Еуроодақ бойынша бірінші орында. Ол қажеттіліктің жартысын қамтамасыз етеді.
Аргентинада бидай экспорты қысқарады
Аргентинада шаруа қожалықтарын қуаңшылық қыспаққа алып жатыр. Жауын-шашын түсімі соңғы айларда 2 есе азайып кеткен. Бұл кейінгі 35 жылда болмаған жағдай. Соның салдарынан шаруалар биылғы еңбегіміз еш бола ма деп уайымдайды. Жалпы, оңтүстікамерикалық мемлекет бидай өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Алайда қазіргі ахуалға байланысты биыл экспорт көлемі 28 пайызға қысқарады деген болжам бар.