Деменция – ХХІ ғасыр дерті
Әлемде деменция, яғни адамның ақылынан алжасуы жиілеп кеткен.
Денсаулық сақтау мамандарының пікірінше, жер шарында жыл сайын бұл дертке 10 миллионнан аса адам шалдығады екен. Яғни Альцгеймер ауруы, әр үш секунд сайын бір жаннан анықталады.
Қазір әлемде ақылынан алжасып кемтар болған жандардың саны 50 миллионнан асады. 2050-ші жылға таман бұл дертке шалдыққандардың қарасы 150 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар. Аурудың тез таралуы соншалық оған "21-ші ғасырдың обасы"- деген айдар тағылды. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 10 мыңға жуық пациентке деменция диагнозы қойылған.
Жібек Жолдасова, психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Өзге елдерде бұл дертпен ауратындарды есептеуде халық пен қарт адамдардың саны ескеріледі. Яғни осы тұрғыдан қарасақ бізде 2,5 млн қарт болғандықтан деменцияға ұшыраған жандар 200 мыңға жуықтауы мүмкін.
Бұл ауруды ерте бастан анықтау өте қиын- дейді мамандар. Көп ретте науқаста кеселдің белгілері білініп жатса, оны ұмытшақтық-деп жылы жауып қояды. Сөйтіп жүргенде ауыру асқынып кетеді.
Жібек Жолдасова, психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Бізде бұл ауруды анықтап науқасқа қажетті ем тағайындайтын мамандар аз. Әр қалада бір ғана маман кездеседі деп айтсам болады. Сондықтан қарттарға қиын соғып жатады.
Мамандар пандемиядан кейін бұл дертке шалдыққандар саны күрт артқананын айтады.
Жібек Жолдасова, психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Әлеуметтік оқшаулаудың кері әсер көп болды. Адамдардың бір-бірімен жақын араласа алмауынан мидың жұмыс істеу қабілеті төмендеп, деменцияға шалдығуы артты.
Шолпан Әбдірахманова, «Мейірiм» мейірбикелік қызмет директоры:
- Ол кезде деменцияның не екенін білмедім. Мен тек қарттарды қамқорлыққа алып күтетін орын ашуды көздеген едім. Кейін дертке шалдықққан жандарды да әкеле бастады.
Альцгеймер ауруы Голливуд жұлдыздарын да айналып өтпеді. Брюс Уиллис, Джек Николсон және тағы басқа танымал әртістер осы кеселге шалдықты.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Сандугаш Байқуаныш Әнуар Абдрахманов, Алма Оразбаева