Әлем елдері допингпен күресті күшейтті

Әлемде допингпен күрес барған сайын қатаңдатылып жатыр. Осы мәселені қадағалайтын дүниежүзілік агенттік соңғы жылдары тыйым салған препараттарды қолданған спортшыларды жазалауды күшейтті. Халықаралық ұйым үлкен спортта әділдікті сақтау үшін қандай өзгертулер енгізіді.

Допингке қарсы дүниежүзілік агенттік өзінің басты құжаты – допингпен күрес жөніндегі Кодексті 6 жылда бір рет талқылайды. Әдетте ұйымның кезекті басқосуынан кейін ережеге өзгертулер енгізіліп, тәртіп қатаңдатылады. Мысалы, 2015 жылы тыйым салынған заттарды алғаш рет қолданған спортшыны жарыстан шеттету мерзімі 2 жылдан 4 жылға ұзартылды.  

Владимир Иванов, спорт журналисі:

- 2012 жылға дейін допингті қолданған жеңіл атлет спорттан 2 жыл ғана  шеттетілетін еді. Қазір жаза – 4 жыл. Тәртіп бұзу мен қолданылған препарат бір болғанымен, шектеу мерзімі ұзартылған.

Ал спортшы допингті екінші рет қолданса, жарыстардан 8 жылға  алыстатылады. Сарапшылар ұзақ үзілістен кейін адамның үлкен спортқа оралуы екіталай дейді. Бірақ мұндай жағдайлар жоқ емес.

Владимир Иванов, спорт журналисі:

- Мысал ретінде 2006 жылғы америкалық желаяқ Джастин Гэтлинмен болған оқиғаны айтуға болады. Ол алғаш рет допинг қолданып ұсталған соң спортқа қайта оралды. Көп ұзамай тыйым салған дәріні тағы қолданды деген айыппен спорттан екінші рет қуылады. Бірақ атлет барлық кінәні жаттықтырушы мен дәрігерлеріне жауып, жаза мерзімін қысқартуға қол жеткізді. Кейін үлкен додаларға қатысып, Усейн Болттан озып әлем чемпионы атанады. 

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2 жыл бұрын жаңа кодекс қабылдап, тәртіп тағы қатаңдатылды. Бірақ жеңіл есірткілерге қатысты тәртіп біршама жеңілдетілген. Атлет оларды жарыстан тыс кездерде қолданса, спорттан баяғыдай бірнеше жылға емес 3 айға ғана шеттетілуі мүмкін.

Сергей Лысенко, заңгер:

- Егер спортшы бұл заттарды спорттық мақсатта қолданбағанын дәлелдесе, шектеу шараларын 2-4 жылдан 3 айға дейін азайтуына болады. Ал оңалту бағдарламасын өтуге келіссе, шектеу 1 айға ғана созылады.

Қалай дегенмен халықаралық спортта допингке жаза қатал. Яғни, әрбір атлет тыйым салынған заттарды пайдалану соңы үлкен спортпен қош айтысуға әкелетінін үнемі естен шығармауы тиіс.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Ануар Абдрахманов.