Германия Қазақстанның машина жасау саласындағы бастамаларын қолдайды
Германия мемлекеті Қазақстанның машина жасау саласындағы бастамаларын қолдайды. Берлинде өткен кездесуде неміс компаниялары біздің нарыққа қызығушылық танытты.
Бұл – «Қазақстан» тақырыбына арналған экономикалық форум. Германияда жыл басынан бері осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Мюнхен мен Гамбургте өткен шараларда көлік және логистика, жасыл энергетикаға қатысты жобалар талқыланса, Берлинде - машина жасау жөніндегі ынтымақтастық жайы сөз болды. Өйткені, Германия – бұл саладағы әлемдік көшбасшы. Ал Қазақстан технологияларды ғана емес, қосалқы бөлшектер мен техниканы шығарудан дәмелі.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының президенті:
- Германия мемлекетінің машина жасау саласы өте дамыған. Бұл әлемдегі лидерлердің біреуі. Сондықтан бізге бұл мемлекетпен қарым-қатынас жасап, жаңа технологияларды кіргізіп, бірігіп өндіріс ашып, жаңа мен айтқандай, өзіміздің мемлекеттін керек машина жасау саласындағы импортын қысқартып, толық қамтамасыз етіп, ол машиналармен біздің экономиканы, көрші елдерге де экспортқа шығаруға мүмкіншілік беретін болады.
Ангела Манс, неміс автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының бөлім басшысы:
- Қазақстан - бұл инвесторлар үшін де, сауда үшін де ашық ел. Біз жеткізу тізбегін кеңейтіп, шикізат ынтымақтастығын дамыту жағын талқыладық. Электр машиналарын шығару бағытында серіктестік қатынастың нығайғанына аса қуаныштымыз. Өйткені, Қазақстанда Германия мен Еуропада жоқ ресурстар бар. Яғни, үлкен әлеует бар.
Бүгінде еліміз өңдеу, өндіру техникасын шетелден сатып алады. Ал оны неге Қазақстанда жасап шығармасқа? Күн тәртібіндегі мәселені шешу үшін тау-кен, мұнай-газ және металлургия саласында машина жасаудағы серіктестікті жандандыру ұсынысы айтылды.
Нұрлан Байбазаров, "Қазақстанның даму банкі" ақ басқарма төрағасы:
- Бүгінгі мақсатымыз - Германияның машина жасау компанияларымен кездесу, оларға жалпы Қазақстан даму банкі арқылы бірге іске асырылып жатқан жобалар туралы айту, жалпы біздің қандай мүмкіндіктеріміз бар. Тек біздің банк арқылы қазіргі таңда бірқатар ірі жобалар машина жасау саласында іске асырылып жатыр. Германия компанияларының тікелей қатысуыменен. Бұл жобаларға біз 200 миллионнан астам евро инвестиция құйдық, біздің банк арқылы. Сондықтан, әрине, неміс компаниялары қызығушылық танытуда.
Катрина Клаас, Мюльхаузер claas тобы акционерлер кеңесінің төрағасы:
- 1998 жылы біз алғаш рет техниканы Қазақстанға экспорттай бастадық. Енді біздің өндіріс Петропавлда іске қосылды! Ынтымақтастықтың дамып жатқанына өте қуаныштымыз. Одан әрі тереңдетуді және дамытуды көздейміз. Менің ойымша, біздің өнім желісі кеңейеді, өйткені клиенттер мен инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар.
Мамыр айында Астанада Қазақстан Президентінің қатысуымен машина жасаушылардың 11-форумы өтеді. Бұл маңызды конференцияға неміс кәсіпкерлері мен инвесторлары шақырылды. Ынтымақтастықты кеңейту бұдан әрі де жалғаса бермек.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева