Ұлыбританияда көкөніс тапшылығы басталды
Ия, қымбатшылық тапшылықтан туындайды. Қыс ауа сөреден көкөніс, жеміс жоғала бастайды.
Ұлыбританияда көкөніс тапшылығы басталды. Ол бір айға дейін созылуы мүмкін. Үкімет осындай болжам жасады. «Ал фермерлер биліктен қолдау болмаса, жағдай тіптен қиындайды», - деп отыр.
Бұл Лондондағы ірі желілік сауда орындарының бірі. Тіпті пандемия кезінде мұнда азық-түлік тапшы болмаған. Бірақ бүгінде сөрелерінен көкөніс көрмейсіз. Қызынақ пен қияр, бұрыш пен пияздың не себепті жоқ екендігін түсіндіріп, тұтынушылардан кешірім сұраған сатушылар көбейді. Кейбір дүкендер бір қолға 3 пакет көкөністен артық сатпайтын болған. Бұл шара тапшылықты тежеу үшін жасалып отыр.
Тапшылыққа импорттаушы елдердегі ауа-райының қолайсыздығы себеп. Испания мен Мороккода қазір күн суық, сәйкесінше өнім жоқ. Британ бөлшек сауда консорциумының мәліметінше, бұл елдер қыс айларында қызанақтың шамамен 95%-ін және салат жапырақтарының 90%-ін жеткізіп келген. Кейде қызанақ Нидерландтан импортталатын, бірақ Брекситтен кейін Еуропамен сауда-саттық қиындай түсті.
Тереза Коффи, Ұлыбританияның қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік және ауылшаруашылығы министрі:
- Менің қарамағымдағы қызметкерлер көкөніс өнімдерінің бөлшек саудасымен айналысатын компаниялармен сөйлесті. Қияр мен қызанақтың тапшылығы 2-4 аптаға созылады деген болжам бар. Ипорттаушы елдерді де қарастырудамыз.
Жығылғанға жұдырық, жергілікті жылыжайлар да толық қуатта жұмыс істей алмай тұр. Өйткені елде жарық пен өсімдіктерге қажет қоректік элементтердің бағасы аспандап кеткен. Шаруаларға кәсіптің бұл түрімен айналысу тиімсіз. Сондықтан олар өндіріс көлемін азайтуға мәжбүр. Шығынға батқан кәсіпкерлер үкімет қолдамаса, жағдай ушыға түсетінін айтады.
Нофни Кастро, Valley Grown жылыжайларының бас директоры:
- Сөрелерде Британ өнімдері тұруы керек еді. Бірақ жылыжайлардағы өсімдіктерге қажет жасанды жарықпен қамтамасыз ете алмай жатырмыз. Өйткені электр энергиясы, тыңайтқыш және қаптама құны қымбат. Бұл проблеманың бер жағы ғана.
Фермерлер алдағы уақытта алмалар мен алмұрттар да дүкен сөрелерінен жоғалып кетуі мүмкін, деп ескертеді. Өйткені оларды өсірудің шығыны 23%-ке артқан, бірақ дүкендер сатып алу бағасын көтергісі келмейді. Сондықтан шаруалар жеміс ағаштарын егуді 3 есеге дейін азайтқандарын айтады. Авторы: Ғалымжан Қараманұлы