Испания қалаларында карнавал өтіп жатыр
Карнавал Бразилияда ғана емес, осы күндері Испания қалаларында да өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы, бұл елде жыл бойы 50-ге жуық карнавал ұйымдастырылады екен. Ал ең ауқымдысы осы ақпан айының соңғы күндеріне белгіленген. Думанды шерудің бір кемшілігі бар. Ұрлық қарлық көбейеді, - дейді полицейлер.
2 жыл бойы коронавирустың кесірінен өтпеген карнавал Испания қалаларына сән-салтанатымен қайта оралды. Жарқ-жұрқ еткен киім мен көңілді думан көздің жауын алады. Сиджес сияқты Барселона маңындағы кішкентай қаладағы қысқы карнавалға қатысушы адам саны 100 мыңға жуықтап, рекордты жаңартты. Тұрғындар: «биылғы карнавал қанық түсімен, ауқымымен, шеруге қатысушы адам санымен де таңқалдырды», - деп бағалайды.
Педро Голомина, Сиджес қаласының тұрғыны:
- Карнавалға 10 жыл бойы қатысып жүрмін, бірақ биылғы шеру ерекше, 2 жыл бойы өтпеген карнавалды әбден сағынып қалыппыз.
Карнавалды тұрғындар ғана емес, бизнес те көп күткенге ұқсайды. Өйткені карнавал уақытында әр қаладағы қонақ үйлердің бағасы бірден 3 есеге дейін қымбаттайды. Бірақ соған карамастан қонақ үйлерде орын жоқ. Барселонаға тек бір айда 9 млн-ға жуық турист келетінін ескерсек, карнавал кезіндегі саяхатшылардың саны 2 есе артады. Сондықтан Испания бизнесі, әрине, мұндай мүмкіндікті қалт жібермейді.
Аврора Кларин, қонақ үй иесі:
- Сұраныс көп, сондықтан бағаны өсірдік. Жылу, жарықтың бағасы биыл қатты шарықтады, сондықтан шығынды жабу үшін осындай карнавал кезін пайдаланамыз. Қонақ үй ғана емес, такси мен мейрамханалар да бағаны 5 есеге дейін арттырады.
Өкінішке қарай, карнавал кезінде қылмыстың саны артады. Әсіресе зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық фактілері көптеп тіркеледі екен. Қазір қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күштік құрылымдар 4 ауысымдық жұмыс режиміне көшті.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.