Жасанды интеллект жұмысты жеңілдетеді
Жасанды интеллектің жылдам дамуымен кейбір мамандықтар жойылып кетуі мүмкін. Сарапшылар осылай дейді.
Жақында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша нарықтағы жетекші 1000 компанияның жартысы,,,жұмысында "Чат-Джи-Пи-Ти-Энді" қолданатыны белгілі болды. Олардың тең жарымы қызметкерлерін жасанды интеллектпен алмастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Иә, қазірдің өзінде жасанды интеллект адамдарды алмастырып жүр. Ал сарапшылар болашақта кейбір қызметкерлер тіптен керек болмай қалады дейді. Бұл туралы бірер секундтан кейін айтамын.
Жасанды интеллект технологиясының соңғы жетістіктерінің бірі - нейрожүйе негізіндегі чат-боттар. Былтыр қарашада америкалық компаниялардың бірі "Чат-Джи-Пи-Тиді" әлемге паш етті. Ол сұрақтарға жауап бере алады. Керек десеңіз, өлең мен сценарий жазуға да қауқарлы. Екі айда қолданушылар саны 100 миллион адамнан асқан. Араға 3 ай салып, ол әлемде ең жылдам дамып келе жатқан қосымша деп танылды. Қазір көп компания "Чат-Джи-Пи-Тиді" қолданып, жұмыстарын жеңілдетуде. Ол негізінен код жазу, контент жасау, клиенттерді қолдау жағынан пайдасын тиіп жүр. Сауалнамаға қатысқан ұйымдардың көбі жұмысын жоғары деңгейде бағалап отыр. Өйткені еңбек өнімділігі артқан. Мәселен, нейрожүйе код жазу уақытын 55 процентке дейін қысқартады. Соның арқасында 2030-шы жылға таман бағдарламашы мамандардың еңбек өнімділігі 10 есе артады деген болжам бар. Бұдан бөлек чат-ботты қолданатын компаниялар ақша үнемдегендерін де айтқан.
Алан Деннис, Индиана университетінің интернет жүйелері кафедрасының меңгерушісі:
- Чат-боттар көп маманның жұмысын жеңілдтеуі мүмкін. Мәселен, Ай-Ти саласына көп пайдасы тиюі ықтимал. Оны түрлі саладағы менеджерлерге жеке көмекші ретінде қолдануға да болады.
80 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Нейрожүйелер адамдардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, кейбір мамандықтарды алмастыруы мүмкін. АҚШ-тың статистика бюросының болжамы бойынша, 2030-шы жылы 30 мамандықтың 19-ы қысқартуға ұшырайтын болады. Сарапшылардың есептеуінше, заманауи технологиялар 80 миллион адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. "Инсайдер" басылымы болашақта нейрожүйелер алмастыруы мүмкін 10 мамандықтың тізімін жасады. Олардың ішінде бағдарламашы, журналист, заңгер, маркетингтік талдаушы, мұғалім, қаржы кеңесшісі, трейдер, графикалық дизайнер, есепші, қолдау агенті сияқты мамандықтар бар.
Нейрожүйелер алмастыруы мүмкін 10 мамандық:
- Бағдарламашы
- Журналист
- Заңгер
- Маркетингтік талдаушы
- Мұғалім
- Қаржы кеңесшісі
- Трейдер
- Графикалық дизайнер
- Бухгалтер
- Қолдау агенті
Нейрожүйелердің қаупі
Десе де сарапшылар жоғары кәсіби маман әрқашан сұранысқа ие болатынын айтады. Сондықтан заманауи технологияларды дұрыс меңгеру нәтижесінде жасанды инттелект маманның орнын баспай, оның нағыз көмекшісіне айналады дейді. Көп компаниялар бұл заманауи технологияларды ендіріп, пайдасын көріп жатса, басқалары оны жұмысқа қосу әлі ерте деген пікір танытып отыр. Солардың қатарында бірнеше банк пен ірі қаржы ұйымдары бар. Олар деректерді жинау және талдау үшін чат-боттарды қолданған. Технология жұмысты адамнан тез орындаған. Бірақ анықтай келе алгоритмнің бұрыс ақпарат бергені анықталған. Бұған дейін Францияның саяси зерттеулер институтының басшылығы да чат-боттарды қолдануға тыйым салған.. Өйткені ол оқу процесі мен студенттердің сыни ойлау қабілетінің дамуына кері әсер етуі мүмкін деген күдік бар. Нью-Йоркті Білім беру департаменті де осы тектес шешім қабылдады.