Нью-Делиде «Үлкен жиырмалықтың» сыртқы істер министрлері бас қосты
Нью-Делиде «G20» елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Бірнеше күн бұрын Үндістанның Бангалор қаласында «Үлкен жиырмалықтың» қаржы министрлері бас қосқан еді. Алқалы жиындардың бұл елде ұйымдастырылуы бекер емес. Өйткені биыл бірлестікке Үндістан төрағалық етеді.
Келелі кездесу
Нью-Делидегі басқосуға 40 делегация қатысып жатыр. Арасында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен таяда біздің елге келіп кеткен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де бар. Алқалы жиынға «Үлкен жиырмалық» елдерінің сыртқы істер министрлерінен бөлек, халықаралық ұйым өкілдері де шақырылған. Кездесу 1 минуттық үнсіздіктен басталды. Осылайша, жиналғандар Түркия мен Сирияда зілзаладан қайтыс болғандарды еске алды. Талқыланған тақырыптардың ішінде табиғат апаты кезіндегі гуманитарлық көмек көрсету мәселесі де көтерілді. Бұдан бөлек, әңгіме әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық азық-түлік және энергетикалық дағдарыс, сондай-ақ лаңкестікпен күрестегі ынтымақтастықты нығайту төңірегінде өрбіді.
Нарендра Моди, Үндістанның премьер-министрі:
- Біз күрмеуі күрделі келіспеушіліктер кезеңінде бас қосып отырмыз. Кейінгі 2 жылдағы қаржы дағдарысы, пандемия, лаңкестік, шиеленістерді ескере отыра, әлемдік қауымдастық жанжалдардың алдын алып, ынтымақтастықты дамыту мәселелерінде осалдық танытқанын көріп отырмыз. Оларды бір-бірімізге ерегіспей, керісінше күш біріктірген жағдайда ғана шеше аламыз.
Э. Блинкен «Астық келісімін» ұзартуға шақырды
Жиын қатысушылары «Астық келісімін» де талқылады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен оны ұзартуға шақырды. Құжатқа былтыр Ресей мен Украина тараптары қол қойған. Соған сәйкес Украина кемежайларында жиналып қалған астық қауіпсіз дәлізбен тасымалданып келеді. Бұған дейін ұзартылған келісімнің мерзімі 18 наурызда аяқталуы тиіс. Сарапшылар құжат әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отырғанын айтады.
«G20» саммиті қашан өтеді?
«Үлкен жиырмалыққа» әлемнің ірі экономикалары кіреді. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің 80%-і осы бірлестіктің үлесіне тиесілі. Былтыр оған Индонезия төрағалық еткен. Биыл бұл мәртебе Үндістанға тапсырылды. 1 жыл ішінде 200-ден аса басқосу өткізу жоспарланған. Соның ішіндегі бүгінгі министрлер кездесуі «G20» көшбасшыларының қорытынды саммиті алдындағы маңызды оқиғалардың бірі екені сөзсіз. Ал саммитің өзі биыл 9-10 қыркүйекке белгіленген. Үндістаннан кейінгі төрағалық Бразилияға өтеді.