Грекияда пойыз апатынан қаза тапқан адам саны артты
Грекияда екі пойыздың соқтығысуынан 57 адам қаза тапты.
Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген кей жолаушылардың хәлі мүшкіл дейді. Оқиға орнында іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Кейбір тұрғындар пойызда болған туғандарының денесі әлі табылмағанын айтады. Апат наурыздың бірі күні Грекияның Ларисса қаласы маңында болды. 350 жолаушысы бар пойыз қарсы келе жатқан жүк пойызымен бетпе-бет соғылысты.
Димитриос Бурназис, тұрғын:
- Осы пойызда әкем мен бауырым болған. Олардың денесін әлі таба алмай жатыр. Теміржол компаниясына 4 рет қоңырау шалдым. Бірақ олар маған хабарласқан жоқ. Не істейтінімді білмеймін.
Теміржол апатынан кейін Грекияда билікке қарсы наразылық күшейді. Теміржолшылар да бір күндік ереуіл жариялады. Жұмысшылар үкіметтен еңбек жағдайын жақсартып, қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді талап етіп жатыр.