Әлемде биологиялық белсенді қоспаларды пайдалану артып барады

Әлемде биологиялық белсенді қоспаларды пайдалану артып барады

Әлемде биологиялық белсенді қоспаларды пайдаланушылар қатары жыл сайын артып келеді.

Бірақ адамдардың оларды көптеп қолдануы дәрігерлерді алаңдатады. Себебі миллиардтаған долларлық нарық бақылауға алынбаған. Дәруменді қоспалар дәрі-дәрмек қатарында емес. Жаһанда бұл сала қалай реттеліп жатыр? Толығырақ келесі материалымызда.

Дүние жүзінде биологиялық белсенді қоспаларды ең көп пайдаланатын мемлекет АҚШ. Бұл елде оларды тағам қоспасы немесе диеталық қоспа деп атайды. Статистикаға сүйенсек Құрама Штаттарда витаминді тұрғындардың 77 пайызы қолданады екен. Әсіресе 35 пен 54 жас аралығындағы азаматтар жиі ішетін көрінеді. Олардың арасында ең көп пайдаланылатыны - мультивитаминдер мен минералды қоспалар. Оның бір себебі елде мұндай өнімдер дәрі-дәрмек қатарына жатқызылмағандықтан дәрігердің рұқсатынсыз сатыла береді. Нарық 1994-ші жылы қабылданған заңмен реттелгенімен сертификат алуды қажет етпейді. Жалпы АҚШ-та қазір 80 мыңнан аса биологиялық қоспа түрі сатылады. Жыл сайын олардың саны 1 мыңға өсіп отырады.

Еуропалық Одақ елдері де биологиялық белсенді қоспаларды ең көп қолданатын мемлекеттердің қатарында. Ортақ аймақтағы тұрғындардың жартысынан көбі мұндай өнімдерді денсаулығын жақсартып, иммундық жүйесін күшейту үшін пайдаланады екен. Бірақ Одақта АҚШ-қа қарағанда бұл нарықта бақылау күшті. Мұндай өнімдер одақ аумағына жеткізіле салысымен белгілі стандарттарға сәйкесітігі тексеріліп отырады.  

Жапония

Биологиялық белсенді қоспаларды көптеп пайдаланатын халықтың бірі жапондар. Күншығыс елінде бұл индустрия 1990 жылдардан бастау алып, қазір ірі нарықтың біріне айналған. Жапонияда витаминді халықтың 70 пайызы күнделікті өмірінде қолданады. Өнімдердің басым бөлігі Америкадан жеткізіледі. 

Ресей

Көрші Ресейде де биологилық белсенді қоспаларды пайдаланушылар қарасы көп. Зерттеу бұл өнімдерді ресейліктердің 59 пайызы тұрақты түрде ішетінін көрсетіп отыр. Олардың 31 проценті ағзасына қажетті дәріуменді алу үшін ай сайын 3-5 мың рубль жұмсайды.

Ал сарапшылардың пікірінше, әлемде биологиялық белсенді қоспалар нарығы одан әрі қарқындап дами бермек. Болжамға қарағанда сала 2030 жылға таман 9 пайызға өсіп, бұл нарықтағы қаржы айналымы 354 миллиард долларға жетуі мүмкін. Қазір оның көлемі 150 миллиард доллардан асады. 

Дәурен Ақашұлы