Анкарада Түркі әлемінің жазушылар одағы құрылды

Анкарада Түркі әлемінің Жазушылар одағы құрылды.

Бүгін 6 мемлекеттің әдебиет өкілдері басқосып, одақтың төрағасын сайлады. Алдағы жоспарларын пысықтады.

Бауырлас халықтардың бірін бірі тануында әдебиеттің орны ерек. Бұл орайда, ақын жазушыларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Түркі әлемінде жазушылар одағының құрылуы соның айғағы. Оған ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері мүше бола алады. Ал одақтың алғашқы отырысы Өзбекстанның Науаи қаласында ұйымдастырылмақ.

Келелі жиын ТҮРКСОЙ-дың Анкарадағы штаб- пәтерінде өтті. Тарихи басқосуға ұйымға мүше мемлекеттердің жазушылар одағының жетекшілері келді. Халықаралық шара бірнеше сағатқа созылды. Себебі, одақтың жүйелі түрде жұмыс істеуі үшін механизм ережелерін алдын- ала нақтылау және мақұлдау маңызды, дейді ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы Сұлтан Раев.

Сұлтан Раев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы:

- Бұған дейін түркі дүниесінің мәдениеттің көптеген бағыттары болды. Театр, әдебиет, кино, музыка. Дәстүрлі өнерлеріміз бар. Бірақ, олардың басын біріктіретін және мотивация беретін платформа болмаған. Осыған байланысты, біз түркі дүниесінің жазушылар одағы құрдық. Бұл жерге жазушылар одағының жетекшілері келді.

Одақ 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Тамырлас халықтардың әдеби байланысын арттыру, кәсіби аударма ісі, салалық жазушылықты дамыту және жас жазушыларға қолдау көрсету. Одақтың төрағасы 3 жыл мерзімге сайланбақ. Ал алғашқы төраға болып белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет сайланды.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, түркі әлемі жазушылар одағының төрағасы:

- Әртүрлі геосаяси алагөздіктер болып жатады. Біз мынау мәдени салада әдеби салада өзіміздің бірлігімізді көрсетуіміз керек. Сонау Мағжан атамыздың өзі жырлап кеткен. Түркісатн дүниесі, түркі бірлігі. О бастағы мынау атамекені болған- Қазақстанның жері ғой. Сондықтан болса керек, алғашқы төрағалықты Қазақстанға ұсынып, мені сайлады. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді.

Алда Өзбекстанның Науаи қаласында өтетін жиында одақтың іс- қимыл жоспары пысықталады. Сол жиында ұсыныстар айтылып, ұзақ мерізімге бағдарлама бекітіледі.