АҚШ пен Қытайдың арасы ушығып барады

Ресми Бейжің қорғанысын күшейтті. Тайвань билігі болса, "Қытай ұшақтары шекарамызды торуылдап жүр",- деп күйініп отыр.

Енді аралдағы елге АҚШ қару-жарақ жеткізбек. Осындай шешім қабылдады. Құрама Штаттардың Орталық барлау басқармасы Қытайдың Тайванға басып кіретін мерзімін де атады.

Қытай қорғанысқа ден қойды. Жылдық әскери бюджет 7 жарым пайызға артып, 225 миллиард долларға көбеймек. Бұл туралы Қытайдың премьер-министрі Ли Кецян мәлімдеді.

Ли Кецян, Қытайдың Премьер-министрі:

- Біз Си Цзиньпиннің жаңа замандағы әскери стратегияға қатысты ойларын толық іске асыруымыз керек. 2027 жылы біздің Қарулы күштердің құрылғанына 100 жыл толады. Оған дейін әскерімізді әбден күшейтеміз.

Аралды берсең қолыңнан...

Сарапшылар мұны АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастың ушығуымен байланыстырады.

Бірақ Қытайдың әскери әлеуеті бәрібір АҚШ-қа қарағанда 4 есе төмен дейді кейбір мамандар. Ресми Бейжің дау тудырған Тайваньды бейбіт жағдайда қатарымызға қосып алу басты мақсатымыз деп отыр. 

Ли Кецян, Қытайдың Премьер-министрі:

- Біздің партия Тайвань мәселесін шешудің жаңа дәуірін бастауы қажет. Бұл тұрғыда біз "Біртұтас Қытай" қағидатын берік ұстанамыз. Тайвань бізге бейбіт түрде қосылуы керек. Бұл экономикалық және мәдени терең байланысқа негізделеді.

ОББ: Қытай Тайваньға басып кіреді

АҚШ-тың барлау басқармасы Қытай Тайваньды бейбіт жолмен емес, қарудың күшімен басып алмақ. Және ол операция 2027 жылға жоспарланған. Осыны желеу еткен Ақ үй Тайваньға F-16 атқыш ұшақтарын және 619 миллиард долларға оқ-дәрі беретінін мәлімдеді.

Джон Кирби, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі:

- Біз бұл шешімді Тайваньмен қарым-қатынас актісінің аясында қабылдадық. Бұл мәселені Украина жағдайымен салыстыруға мүлде келмейді. Өйткені екеуі екі түрлі жүйе.

АҚШ пен Қытайдың арасы ушығып барады

Бұл АҚШ пен Қытайдың арасындағы онсыз да нашар қарым-қатынасты одан сайын ушықтыруда.

Мао Ниң, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- АҚШ-тың Қытайдың Тайвань аймағына қару-жарақ сатуы "Біртұтас Қытай" қағидатын және бұған дейін қабылданған үш жақты келісімдердің шарттарын өрескел бұзады. Бұл біздің елдің егемендігіне және қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Біз қару-жарақ сатылымына түбегейлі қарсымыз. Тайвань - Қытай аумағының ажырамас бөлігі.

Тайвань: Қытай тұтқиылдан басып кіруі мүмкін

Ал Тайвань билігі болса, Қытай аралға тұтқиылдан басып кіреді деп қауіптенеді. Мұны аралдың Қорғаныс министрлігі ашық айтып отыр.

Чиу Куо-Чең, Тайваньның Қорғаныс министрі:

- Менің ойымша, Қытай нақты іске кірісу үшін сылтау іздеп отыр. Мысалы, басқа елдердің жоғары лауазымды адамдардың Тайваньға келгені сылтау болуы мүмкін. Біз өз тарапымыздан Қытайдың іс-әрекетін қадағалап отырмыз. Болашақта күш қолдану үшін олар қазірден қызу дайындалып жатыр.

Тайвань билігі Қытайдың әскери ұшақтары жақында ғана арал аумағына тым жақын келгенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Сарапшылар аумақта жаңа геосаяси кикілжіңнің өршіп бара жатқанын алға тартады.

Авторы: Ернат Мелсұлы