Әлемде ашқұрсақ аналар көбейген

Әйел ананы қанша қадірлеп, құрметтегенімізбен бейнеттен құтылмапты.

Әлемде ер мен әйелдің арасындағы теңсіздік сақталмай тұр. Ал сол қыз-келіншектердің еңсесін тіктеп жүруі үшін әлі 3 ғасыр керек екен.

Әлемде қазір ашқұрсақ қыздар мен аналар көбейіп барады. Басқа да мәселе жетерлік.

Әлемде тойып тамақ ішпейтін жасөспірім қыздар мен әйелдердің саны көбейіп барады. 2020 жылдан бері олардың қатары 25 пайызға артып, 7 миллионға жуықтаған. ЮНИСЕФ-тің зерттеуі бойынша, әсіресе Ауғанстан және Африканың 12 еліндегі жағдай мүлде сын көтермейді. Азық-түлікке қатысты ахуалдың ауырлауына Украинадағы соғыс пен басқа қарулы қақтығыстар, табиғи апаттар мен саяси-әлеуметтік тұрақсыздық та жығылғанға жұдырық болды дейді сарапшылар. 

Махо, Мадагаскар тұрғыны:

- Менің есімім Махо. Біз үнемі асқа жарымай жүреміз. Үнемі аш жүргендіктен, денсаулығымыз да құрыды. Жақында қызым босанған. Мүлде сүт шықпайды. Шиеттей баласына обал. Екеуі аштан бұратылып, өлетін шығар. 

БҰҰ: Ер мен әйелді теңестіруге 300 жыл керек

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы "Қазіргі қарқынмен ер мен әйелдің теңдігіне тек 300 жылда жетеміз" деп дабыл қақты. Ол бұл туралы Әйел мәртебесі жөніндегі комиссияның отырысында мәлімдеді. Кеше басталған комиссия сессиясы 17 наурызға дейін жалғасады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Бұл түрімізбен әйелдер теңдігіне 300 жылда бір-ақ жетеміз. Аналар өлімі көбейіп барады. Жүктілік немесе босану кезінде әр 2 минут сайын 1 әйел қайтыс болады. Негізі бұл өлім-жітімнің алдын алуға болады. Қыз-келіншектер ғылым мен технологиядан тысқары қалып жатыр. Әлемде 3 миллиард адам үшін интернет қолжетімсіз. Олардың көпшілігі - әйелдер мен қыздар.

Қара торы Барби пайда болды

Ұлыбританияда әлемде алғаш рет ғылымға құштар қара торы Барби пайда болды. Қуыршақ ғарыш саласының ғалымы Магги Адерин-Пококқа ұқсатып бейнеленген. Ол ғылым, технология, инженерия мен математиканы қамтитын STEM жобасын кеңінен насихаттаумен айналысады. Жаңа Барбидің көйлегі түнгі аспанды білдіреді.

Магги Адерин-Покок, ғарыштанушы ғалым:

- Ғарыш саласының ғалымын қара нәсілді Барби ретінде бейнелеу көп адамды таңқалдырып жатыр. Бұл көптеген теріс пікірді жоққа шығаруға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бала кезімізде ойнаған Барбилердің түсі менікі сияқты болмайтын. Осы қуыршықтар арқылы қыздарымызды ғылым, технология, инженерия мен математикаға үйір қылып өсірсек деген ниетіміз бар. Балалар аспандағы жұлдыздарға - асқақ армандарға ұмтылуға тиіс.

Цифрландыруды бағындырған сауыншы

Бангладештегі ауылдың қыздары цифрландырудың белесін бағындырып жатыр. 32 жастағы сауыншы Садхона Халдер сүт өнімдерін сататын арнайы сайт жасап шығарды. Ол тұратын ауылда 500 отбасы сиыр сауумен айналысады. Садхонаның жобасына Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы қоры қаржылай қолдау білдірген. Жалпы заманауи сауыншы кәсіпкердің цифрлық қызметін елдегі 10 мың сүт өндіруші қолданады. Олардың жартысы әйелдер.