Италияның жағалау күзеті теңіздегі босқындарды құтқарды

Италияның жағалау күзеті бірнеше кемеде болған 1300-дей босқынды құтқарды.

Еске салып кетсек, осыдан екі апта бұрын осы елдің жағалауында ағаштан жасалған қайық апатқа ұшырап, 73 адам қаза тапқан болатын. Полиция кемелері оларды құтқаруға тырысқанмен, ауа-райының қолайсыздығынан қайығын іліп, әкете алмады. 9-наурызда Италия үкіметі заңсыз миграциямен айналысатын қылмыскерлерге жазаны күшейтті. Жалпы соңғы үш күнде бұл елге 3 мыңнан аса босқын келген. Тек Лампедуза аралына бір күнде 1869 адам мінген 41 қайық жеткен. Босқындар жиі келетін тағы бір ел – Испания. Канар аралдарының жағалауында құтқарушылар 48 мигрантты құтқарды. Арасында 24 әйел мен алты бала бар.