АҚШ-та ауқатты азаматтарға салық артуы мүмкін

АҚШ президенті Джо Байден ауқатты азаматтарға арнайы салық енгізуді көздеп отыр. Бай-бағыландардан түскен қаражатты әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдауға жұмсамақ. Заң жобасы Конгерске жөнелтілді. Бірақ Байден әкімшілігі үшін бұл құжатты бекіту қиынға соғатын сияқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

- 2010-2018 жылдары АҚШ-тағы ең бай 400 отбасы 1,8 трлн доллар пайда тауып, одан тек 8% табыс салығын төлеген. Демократ президент Джо Байден бұл дұрыс емес деп есептейді. Ол кезінде республикашыл Трамптың ірі корпорацияларға жасаған жеңілдігін жойып, кіріс салығын өсіруді көздеп отыр. Байден ұсынған 2024 жылдың федералдық бюджеті қазір Конгрестің қарауында жатыр.

Президенттің сөзінше, бұл өзгерістер алдағы 10 жылда бюджет тапшылығын 3 трлн долларға азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен, Джо Байден алпауыт корпарациялар мен байлардың табысынан 25% салық ұстауды ұсынады. Мәселен, дүние-мүлкінің құны 100 млн доллардан асатын шылқыған дәулеті барлар салық төлеуге міндеттелмек. Жылдық табысы 400 мың доллардан асатын америкалықтарға да алым мөлшері артады.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Мен біраз салықты көтеруді жоспарлап отырмын. Себебі миллиардерлер табысының 3 процентінен ғана салық төлейді. Мен қалжыңдап тұрған жоқпын. Бұрын бізде 600-ге жуық миллиардер болса, қазір олардың саны мыңнан асады. Бірақ олар салықты полиция қызметкері, мектеп мұғалімі мен дәрігерге қарағанда төмен мөлшермен төлейді. Бұл дұрыс емес.

АҚШ президенті елдегі аса бай азаматтарға салықты өсіруді бұған дейін де ұсынған болатын. Бірақ заңды қабылдау президенттің құзырында емес. Алдымен құжат жобасын Конгресстің төменгі палатасы қарайды. Ал Өкілдер палатасын республикалық партия бақылауында ұстап отыр. Олар салықты көтеруге жол бермейміз деп әлдеқашан қарсы шыққан. Республикашылдарға салсаң әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет шығындарын қысқартып, шет мемлекеттерді қолдауға кететін қомақты қаражатты қиып тастамақ.

Майя Макгинеас, федералды бюджетке жауапты комитеттің президенті:

- Өкілдер палатасындағы республикашылар Байден әкімшілігі шығындарды азайту арқылы үнемдеу туралы ойламаса, қарыздың шекті мөлшерін көтеруге дауыс бермейтінін айтты. Бұл жыл сайын қойылатын талап және ол дұрыс.  Өйткені биыл бюджет процесі ерекше маңызды болып тұр.

Республикашылдар осы айдың соңына дейін өздері әзірлеген бюджет жобасын ұсынбақ. Ол, әрине, Байден құжатына мүлдем қарама қарсы болары анық. Себебі олар мемлекеттік қарызды одан әрі өсіруге жол бермеуге бекінген. Өйткені ұлттық қарыз 32 трлн доллардан асып кетті.

Авторы: Нұрбек Бекен.